«Науқастармен қазақ тілінде сөйлесіп, мемлекеттік тілде қызмет көрсету жұмысты жеңілдетті», - дейді татар және орыс ұлтының қыздары. Ордабасы аудандық көпбейінді ауруханасында жұмыс істейтін Жәмилә Вагазова мен Кристина Сустатованың қазақ тіліне құрметі ерекше. Айтуларынша, бұл тек қажеттілік емес, елге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі.
Татар қызы Жамила Вагазова таудандық ауруханада 12 жылдан бері көз дәрігері болып қызмет етеді. «Алдыңа келген науқасты жылы қабылдап, қазақша сөйлесең, көңілі көтеріліп қалады», - дейді білікті дәрігер. Әрі тез тіл табысатынын айтады. Жергілікті халықтың басым көбі қазақ тілінде тілдеседі. Сондықтан оған науқастардың бәрі құрметі ерекше.
Құлтас Ахметов, Бөріжар ауылының тұрғыны:
- 2 аптада бір келіп тұрамын. Дәрі-дәрмек аламын, ем аламын. Менің көңілім ол қызымызға өте риза. Рахметтен басқа айтарым жоқ. Қызымыз қазақ тілінде өте керемет сөйлейді, көңіліміз толады. Көп қазақтың орыс тілділеріне қарағанда өте таза, жатық сөлейледі.
Түлкібас тумасы Жәмилә Вагазова «қазақтың ортасында өскен соң тілін де үйрендім», - дейді. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы біледі. Күніне оннан аса науқасқа қызмет көрсететін офтальмолог дәрігер тілдің жұмысына көп көмегі тиетінін айтады.
Жәмилә Вагазова, аудандық көпбейінді аурухананың офтальмолог дәрігері:
- Мен үшін қазақ тілі тек мемлекеттік тіл емес, ол - күнделікті өмірде сөйлейтін тіл. Бір күні маған бір науқас келді, үндемей отыр. Мен: «Неге үндемей отырсыз?», - деп сұрағанда ол қуанып кетті. «Орысшамды жинап, қалай айтамын деп тұрған едім», - дейді. Мен қазақша айта беріңіз деп ем, ол қуанып кетті.
Осы аурухананың медбикесі Кристина Сустатова да мемлекеттік тілді жетік біледі. Қазақ тілі қатынас құралы ғана емес, күнделікті сұранысқа ие құндылыққа айналып келе жатқанын айтады. Оны өзі мақтан тұтады.
Кристина Сустатова, аудандық көпбейінді аурухананың медбикесі:
- Менің ұлтым - орыс. Әке-шешемнің де ұлты орыс. Бәріміз Қазақстанда тұрғандықтан қазақша сөйлейміз. Мектепте орыс сыныбын бітіргем, бірақ қазақша бала кезімнен сөйлеймін. Бұрын тек ауылдарда сөйлейтін еді қазақ тілінде, қазір үлкен қалалар да басқа ұлттардың арасында қазақша сөйлеу трендке айналып жатыр.
Ордабасы аудандық көпбейінді ауруханада өзге ұлттардың жиырмадан астам өкілі жұмыс істейді. Барлығы да қазақ тілін меңгеріп алған. Аурухана басшылығы дәрігерлердің тілді жетік білуі – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде пайдасы зор екенін айтады.
Әйгерім Иманова, аудандық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Қазақ тілінде, өзіміздің ана тілімізде жүз пайыз жақсы меңгерген, жақсы сөйлейді. Науқастарды қабылдау барысында ешқандай кедергілер туындаған емес. Олар бізден жақсы сөйлейді. Өз ана тілдерін білмесе де қазақ тілін өте жетік меңгерген. Әдеби тілде, көркем сөйлей де алады.
Мамандар облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істейтін жүзге жуық этнос өкілінің көпшілігі мемлекеттік тілде жатық сөйлейтінін айтады. Қазіргі таңда қоғамда қазақ тілінде сөйлеу шын мәнінде жаңа мәдени трендке, яғни сәнге айналып келеді. «Бұл үрдіс әсіресе жастар мен қала тұрғындары арасында да ерекше байқалады», - дейді бүгінгі кейіпкерлер.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш