BI Group құрылысты цифрландырып жатыр

  • 6
  • 02.10.2026, 18:40

Құрылыс алаңында жұмысты роботтар атқарып, сапаны жасанды интеллект бақылайды. Мұндай технологияны BI Group компаниясы ұсынып отыр. Digital Bridge форуымында өткен көрме барысында оның қызметкерлері тың шешімнің артықшылықтары мен маңыздылығын паш етті.

BI Group-тағы тың шешімнің бірі – «каска 360» жүйесі. Кәдімгі жұмысшы каскасына орнатылған камера 360 градуста қамтып түсіреді. Нәтижесінде құрылыс нысанының болашақ тұрғындар үшін ыңғайсыздық туғызатын кемшін тұстары жасанды интеллект арқылы анықталады.

Дмитрий Синица, жасанды интеллект және мәліметтер жөніндегі IT директор:

- Біз компьютерлік көру технологиясын қолдануды бастадық. Техникалық қауіпсіздіктің бұзылуын анықтайтын цифрлық каскадан бастап робот ит пен дронға дейін пайдаланамыз. Дрон арқылы біз адам байқамайтын қасбеттің кемшін тұстарын көреміз. 

Танымал компанияның тың технологиялары құрылыстың түрлі бағытында қолданылып жатыр. Digital Bridge көрмесіне келушілер оларды іс жүзінде көрді. 

Алексей Лодочников, блогер:

- Ол роботты бізге көрсетті. Яғни мысалы, үй құрылып жатыр. Кім өзінің қауіпсіздік ережелерін сақтаған жоқ, мысалы, каска киген жоқ, тағысын басқа. Ол соны қадағалап, адамдарға, арнайы жерге осының бәрін айтады, көрсетеді. 

BI Group-тың тағы бір цифрлық шешімі – робот ит. Ол құрылыс алаңында жүріп бірден бірнеше кеңістікті бақылай алады.

Мансұр Хожимұратов, BI Innovations жобаларының менеджері:

- Ол сапаны бақылайтын маманның уақытын үнемдеуге көмектеседі. Әр бөлмені аралап, атқарылуы тиіс жұмыс көлемін анықтап береді. Сондай-ақ адамның жұмысқа дайындығы, қауіпсіздік белдігі, арнайы аяқкиімі бар ма, жоқ па және басқа тиісті талаптың орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ жер жұмыстарын көреді. 

Бұл BI Group үшін дамудың кезекті кезеңі. Алда да жұмыс сапасын арттыруға басымдық берілетін болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов