Цифрлық технология: Қазақстандағы жаңа мүмкіндіктер

  • 7
  • 06.10.2026, 18:32

Цифрландыру енді өндірісте де кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, мұнай саласында. Елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірінде жасанды интеллект қара алтынды игерудің 600-ден астам сценарийін ұсынған. Бұрын мұндай есептеуге бір айдан астам уақыт кететін. Әрі тәуекел жоғары болған. Ал цифрлық модель алты тік ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыма бұрғылау тиімді екенін анықтаған.

Мамандардың айтуынша, кейін бұл іс жүзінде дәлелденген. Жаңа шешім арқылы 640 млн теңге үнемделген.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Цифрлық шешімді енгізуден осы кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді алу әлеуетін көріп отырмыз. Бұл шамамен 16 миллиард теңге. Одан кейін цифрлық ұйғыма бұрғылауды онлайн көрсетіп, уақытында түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.

Цифрландыру көлік саласына да жетті. Теміржолда вагондар автоматты диагностикалаудан өткізіле бастады. Арнайы құрылғылар қозғалыстағы вагондарды тексеріп, нәтижесін автоматты түрде көрсетіп отырады. Оның тиімділігі қайсы дейтін болсақ, биыл сегіз айда 17 мыңнан астам ақау анықталыпты. Ал пойыздарды тексеруге кететін уақыт 30 пайыз қысқарған. Министрдің тағы бір айтқаны, 7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасып жатыр. «Батыс – Шығыс» гипермагистралі бойынша ұзындығы 4 мың 511 шақырым болатын желінің жартысы тартылды. Жыл соңында бұл жұмыстардың игілігін жолдағы жолаушы мен жүргізуші де көре бастайды.

Осы тұста министр жеткізген мына бір жаңалықты айта кетейік. 2028 жылы Қазақстанда аэротаксидің коммерциялық сапарлары басталады. Жоба қазір пилоттық түрде Астана, Алматы және Қосшыда текеріліп жатыр.

Цифрлық технологияның игілігін көре бастаған саланың тағы бірі - ауыл шаруашылығы. Қазір егістікте қандай дақыл егілгенін және қанша өнім жиналғанын автоматты түрде білуге болады. Енді спутник арқылы бақылау ауқымын кеңейту көзделіп отыр.

Цифрландыру халыққа қызмет көрсету орталықтарының да жұмысын біршама жаңартты. ЕGov GPT арқылы қазір 51 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін ең көп сұранысқа ие 150 қызметті осы жүйеге көшіру жоспарлануда.

Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Қазір төрт өңірде бес цифрлық кеңсе ашылды. Тағы 10 өңірде қаржыландыру мәселесі шешілді. Әкімдіктер ғимараттарды дайындап, кеңселерді жыл соңына дейін ашуы қажет. Қалған алты өңірде кеңселердің ашылу уақытын нақты белгілеу қажет.

Министрлік азаматтардың дербес деректерін қорғау шараларын да күшейтіп жатыр. Қазір барлық мемлекеттік ақпараттық жүйе арнайы бақылау сервисіне қосылған. Бұл азаматқа өзінің дербес деректерін қандай ұйымдар пайдаланғанын білуге мүмкіндік береді.

Ал ауылдағы интернет сапасын жақсарту үшін биыл еліміз бойынша 11 мың 800 шақырым байланыс желісі тартылыпты. Жыл соңына дейін 1 мың 600 ауылды интернетпен қамту жоспарда.  

Ердәулет Ыбырайұлы