Волонтёрлік қозғалыс дамып келеді

  • 3
  • 07.10.2026, 18:45

Елімізде 300 мыңға жуық волонтёр тіркелген. Соңғы 5-6 жылда бұл көрсеткіш бірнеше есе артқан. Бірі мұқтаж жанға қол ұшын созса, енді бірі табиғатты қорғауға атсалысады. Әсіресе осы жыл волонтерлер үшін айрықша мәнге ие. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды «Тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлар жылы» деп жариялады. Еріктілер еңбегінің маңызы Жаңа Конституцияда да бекітілді.

Волонтерлік жас талғамайды. Лаура Ысқақова осы ұранды берік ұстанады. Мамандығы – шаштараз. Екі жылдан бері Алматы қалалық паллиативті көмек орталығындағы науқастардың шашын тегін қиып жүр. Бұл оның жүрек қалауы. Бір адамның игі ісі кейін өзгелерге де ой салған. Қазір Лаураның қасына тағы бірнеше шаштараз қосылып, осылай жақсылық жасап жүр. 

Лаура Ысқақова, волонтёр:

- Күшімізді қалай біріктірсек болады деп ойландым. Жобаға көбірек адам қатысса дедім. Сол үшін әлеуметтік желіге бейнероликтер сала бастадым. Біртіндеп қаладағы өзім сияқты шаш қиятын шеберлер үн қосты. Қазір орталыққа үлкен топ болып келеміз

Лаураның бұл бастамасы – Алматыдағы мыңдаған игі істің бірі ғана. Мегаполисте 60 мыңға жуық волонтер тіркелген. Олар барлығы бұл істі негізгі жұмысымен қатар алып жүреді. Қазір волонтер болуға жастармен бірге 35 пен 54 жас аралығындағы тұрғындар да белсенді атсалысады. Тіпті өзі ғана емес, отбасы болып көмек қолын созатындар бар.

Қымбат Нұрдәулет, волонтёр фронт-офисінің жетекшісі:

- Отбасылық волонтёр болып жүрген жастарымыз, отбасылы адамдар бар. Солардың санын одан әрі көбейтсек деген ниетіміз бар. Өйткені ол біздің қанымызбен келе жатқан дүние ғой. Асардан бері. Яғни еріктілік біздің қанымызда бар дүние. Оны құндылық ретінде әрі қарай жеткізсек, дәріптесек деген мақсатымыз бар.

Бір адамның жасаған жақсылығы екіншісіне үлгі болады. Сөйтіп игі іс қайырымдылыққа ұласады. Қазір Қазақстандағы волонтерлік ұйымдардың саны 800-ден асты. Биылғы жарты жылдықтың өзінде түрлі жобаларға 200 мыңнан астам адам қатысты. Олар әлеуметтік, медициналық, экологиялық және білім беру бағытында көмек ұсынады. Барлығын біріктіретін бір күш бар. Ол – өзгеге пайдам тисе деген ниет. 

Ернұр Рысбай, Радик Жакупов