Республика күні

Каспийде жаңа аралдар пайда болды

  • 36
  • 19.10.2026, 18:46

Каспий теңізінде жаңа аралдар пайда болды. Маңғыстаудағы Құлалы аралы аумағын әуеден бақылау кезінде бұрын байқалмаған құрлықтар анықталды. «Теңіз деңгейі түсе берсе, арал саны көбеюі мүмкін», - деп ғалымдар дабыл қағып отыр. Айтуларынша, Каспий деңгейі екі мыңыншы жылдардан бері тоқтаусыз төмендеп жатыр. Әсіресе 1996-2021 жылдар аралығында судың деңгейі 1 жарым метрге түскен. Жиында теңіздің қайта толатыны туралы пікірлер мүлде айтылмады. Керісінше 2100 жылға қарай теңіздің 8-ден 14 метрге дейін төмендеуі мүмкін екені сөз болды. Бұл құбылысқа жаһандық жылыну әсер етіп, жеделдетуі де ықтимал деген болжам бар. Айталық, соңғы 30 жылда орташа жылдық температура 0,8-ден 1,5 градусқа жоғарылаған. Халықаралық экологиялық мәселені шешу жолдары талқыланған жиынға Германия мемлекетінің сарапшылары да қатысты.

Ульрих Кинне, ГФР Қазақстандағы елшілігі миссиясы басшысының тұрақты орынбасары:

-Каспий теңізінде жаһандық климаттың өзгеруімен байланысты бірқатар күрделі мәселе туындады. Теңіз деңгейінің төмендеуі, су ресурстарының азаюы, биоалуантүрліліктің сақталуы және жағалау аймақтарының қазіргі жағдайы халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуды қажет етеді. Осы тақырыптағы жиын биыл Ақтауда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өз кезегінде экологиялық сын-қатерлерді терең зерделеп, оларды шешудің ықтимал жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.