Республика күні Республика күні

«Таза Қазақстан»: Түркістан облысында «Асарлату» экологиялық шарасы өтті

  • 2
  • 20.10.2026, 19:07

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Асарлату» экологиялық шарасы өтті. Игі бастамаға өңірдің 17 аудан-қаласынан 50 мыңға жуық тұрғын қатысты. Қатысушылар ағаш көшеттерін егіп, арық-атыздарды қоқыстан тазартты. Осылайша, ұмыт бола бастаған асар дәстүрін жаңғыртып, жұртшылықты ортақ іске жұмылдырды. Экологиялық шара елді мекендердің тазалығын сақтап, туған жердің көркеюіне үлес қосуға бағытталды.

Қазығұрт ауданының тұрғындары қазақтың көнеден келе жатқан Асар дәстүрін қайта жаңғыртып, тазалық шарасына бағыттады. Көпшілік болып жұмылып, Қосағаш ауылына мың түп ағаш екті. Көшені жапырақтардан тазартып, қураған ағаш бұтақтарын кесті. Елді мекенді қоқыстан тазартып, айналаны көгалдандыруға атсалысты.

Нұрислам Бимахамбет, облыстық жастар орталығы басшысының орынбасары:

-Бұл жердер көптеген жастарымыз келіп, белсенділігін арттыруда. Бұл жұмыс Қазығұрт ауданымен шектелмейді, әр апта сайын әр ауданға қойып, өзіміздің «Таза Қазақстан» акциясын жандандыру мақсатында жүзеге асырылуда.

Акция барысында асарлату арқылы 10 шақырымға жуық арық-атыз тазартылып, жаңадан 3 шақырым су арнасы қазылды. Үлкендер игі дәстүрді қайта дәріптеп, елді ортақ іске ұйыстыра білді. Осы арқылы халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге баса мән берілді.

Әзизхан Исмайлов, Қазығұрт ауданының әкімі:

-Бұл Асарлату – халқымыздың ежелден келе жатқан ынтымақ пен бірлікті, бауырмашылдық пен жанашырлықты дәріптейтін игі дәстүр. Қазақта қанатты сөз бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, көп болып, баршамыз бір-бірімізге қолдау көрсету, ол адамгершіліктің асыл үлгісі.

Ал түлкібастықтар «Асарлату» іс-шарасы аясында Арыс өзенінің жағасын күл-қоқыстан тазартты. Жасы 70-тен асқан Сауытбек Сейсенбай тазалық шарасына аудан тұрғындарын өзі бастап келді. Өйткені, қария бір ауылдың ғана емес, тұтас ауданның таза болғанын қалайды.

Сауытбек Сейсенбай, Түлкібас ауданының тұрғыны:

-Өткенде мен «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша Арыс өзенінің бойында біраз балық шаруашылығында өтіп жатқан сенбіліктерді көріп қайттым. Енді бүгін мінекей «Асарлату» бағдарламасы басталды. Елді осыған шақырамын. Әркім өзінің есігінің алдын таза ұстайтын болса, мына акцияның толық орындалғаны сонда ғана болады.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан шараға 15 ауылдан 3 мыңға жуық адам атсалысты. Олар өзен бойынан бөлек, жол жиектері мен демалыс орындарын ретке келтірді.

Бақдәуір Кәлмен, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:

-Аудан аумағында елді мекендердің ішінде, сыртындағы аймақтардың бәрі ауыл белсенділері мен жанашыр азаматтармен міндетті түрде жүргізіледі. Арыс өзенінің басынан бастап жатырмыз. 5 шақырым жерін тазалаймыз.

Тұтас облысты қамтыған «Асарлату» экологиялық шарасына 50 мыңға таяу халық қатысты. Нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 440 гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ 215 шақырым арық тазаланып, 3 мың түп көшет егілді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш