Қызылорда облысында жүз шақырымнан асатын 5 су арнасы қалпына келтіріледі.
Соның бірі – Құмжарған каналы. Бұл гидронысан 40 жыл бұрын істен шыққан. Ауыл тұрғындары содан бері егін еге алмай келеді. Мәселе қалай шешілмек?
Өткен ғасырдың 80-жылдары Сырдарияда мол су болып, Құмжарғанның арнасы тасыған. «Сол кезде елді мекендерді су басу қаупінен қорғау үшін сағасы жабылған еді», - дейді ауылдықтар.
Сәрсенбай Піртаев, Майлытоғай ауылының тұрғыны:
-Құмжарғанда бұрын да саға болып, «Итаяқ» деген көлге де құятын. Содан елдің бәрі сол жерге егін егіп, Итаяқ көлінен балық аулайтын. Кейін көзі бітеліп қалды, жылда су болмай, мал бет-бетімен кетіп, ел егін еге алмай қалған.
Қазір Сырдарияда су азайды. Дегенмен Майлытоғай, Сұлутөбе және Тартоғай тұрғындары егін еккісі келеді. Алайда ағын су жоқ. Сондықтан олар Құмжарған каналын қалпына келтіруді сұраған.
Кажденбек Маматов, Сұлутөбе ауылының тұрғыны:
-Жан жақтан инвестор тартсақ та енді, жүгерісі бар, жоңышқасы бар егілсе, ауылда жұмыс болса, шаруа қожалықтарының бәрі жаңағы су болмағаннан кейін ешқандай жем-шөптерін дайындай алмай отыр ғой.
Тұрғындар ұсынысы ескерілді. Қазір ұзындығы 28 шақырымдық Құмжарған каналы қайта қазылып жатыр. Оның бойында 4 гидроқұрылғы орнатылады. Жалпы өңірде «Климаттық тұрақты су ресурстарын қамтамасыз ету» жобасы аясында 5 су арнасы қалпына келтірілуде.
Қайратбек Сәрсенбаев, жобаны үйлестіруші компанияның өкілі:
-Бес каналымыздың жалпы ұзындығы 105 километр. Жалпы егілетін егістің көлемі осы бес каналдың бойындағы 9800 гектар көлемінде. Бұның екеуі Қазалы ауданында, біреуі Арал ауданында және Шиелі ауданында екі канал бар.
Құмжарған арнасы іске қосылса, 5 мың гектардан астам егіндік жерге су жетеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев