Республика күні Республика күні

Алматыда автомобиль тұрағы тапшы

  • 5
  • 20.10.2026, 18:47

Қазіргі таңда коммуналдық автотұрақтарда 17 мыңға жуық орын бар. «Дегенмен әлі 8 мың орын керек»,- дейді мамандар. Әкімдіктегілер мұны жыл соңына дейін шешуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл мәселенің бір ұшы ғана. Екінші жағы – аула ішіндегі жағдай. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің маңайына кешкісін көлік қою қиын.

Алматының шағын аудандарында кешке қарай көлік қаңтаратын орын табу қиын. Жұмыстан оралған тұрғындар бос жер іздеп әлек. Бірі аула ішіне қойса, енді бірі көлігін жаяу жүргіншілер жолына немесе жасыл желек үстіне қоюға мәжбүр. Ал кей жағдайда көліктер бір-бірінің жолын бөгеп, тұрғындардың жүруіне кедергі келтіреді. Салдарынан қозғалыс қиындайды.

Болатбек Ысқақов, қала тұрғыны:

- Кешкісін мына жерде жедел жәрдем 102, 103 келсе өте алмайды. Жұмыстан кешкісін келеміз, машина қоятын жер жоқ. Осы микрорайонды 3-4 рет барып айналып, орын тауып, алысқа қойып кетуге тура келеді. Тұрғын үй салған кезде парковкасымен есептеп, орынды доммен бірге есептеу керек сияқты.

Естай Әбілезов, қала тұрғыны:

-Жылдан жылға көлік құралының санының артуы халқымызды мазалайды. Көшедегі кептелісті айтпағанда мына көлікті қоятын тұрақтардың өзі қазір үлкен даулы мәселе. Көлік құралы емес адамдардың өздеріне мына үйдің арасымен жүру мүмкін емес. 

Ал әкімдік өкілдері: «Автотұрақ тапшылығын азайту үшін жаңа жобалар іске асырылып жатыр», - дейді. Соның бірі – көп деңгейлі автотұрақ салу. Көлікке арналған мұндай орындардың басым көпшілігі қаланың кіре берістерінде орналасады. Яғни қалаға келген жүргізуші машинасын көпқабатты тұраққа қалдырып, әрі қарай автобус немесе метромен діттеген жеріне жете алады. 

Асқат Жамалов, Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқарма басшысының орынбасары:

-Қазір барлық метро станциясы маңында жоба жүзеге асырылып отыр. Осы аумақта бес деңгейлі 1 мың 200 автокөлікке арналған автотұрақ салынып жатыр. Қалаға келетін тұрғындар көліктерін тұраққа қалдырып, метромен керек жеріне жете алады.

Көлік қоятын орындар базарлар мен сауда орталықтары маңында аса қажет. «Көпқабатты автотұрақтар қала ішінде де салынады. Қазір бос жерлер іздестіріліп жатыр»,- дейді әкімдік қызметкері. Бұл жобаға жеке инвесторлар да жұмылдырылады.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев