Республика күні Республика күні

Қарағандыда қоғамдық көлік паркі 80%-ға жаңартылды

  • 1
  • 21.10.2026, 18:55

Жолаушылар тасымалына Саран қаласындағы отандық зауытта құрастырылған заманауи автобустар кезең-кезеңімен қосылуда. Республика күні қарсаңында автопаркке тағы 20 автобус берілді. 

Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры. «Күн сайын мыңдаған тұрғын діттеген жеріне автобуспен жетеді. Сондықтан көліктің техникалық жағдайы, жолаушыларға жайлылығы мен қозғалыс қауіпсіздігі маңызды», - дейді №1 автопарктің жүргізушісі Руслан Ахметов. Ол енді жаңадан берілген 20 автобустың бірін тізгіндейді.

Руслан Ахметов, автобус жүргізушісі:

-Ескі автобустардың воздухтары, жолда солярка қатып қалады. Автокөліктеріміздің барлығы жаңадан келіп жатыр. Қыста пеші, жазда кондиционері қосылады. Тағы бір қолайлы жайлары инвалид адамдар келсе, кнопка басса, пандус түсіреді.

Қалада қоғамдық көлік 55 бағыт бойынша қатынайды. Күн сайын желіге 500-ге жуық автобус шығып, шамамен 240 мың сапар жасалады. Мұндай жүктеме кезінде көліктің жайлылығы мен қатынас кестесінің сақталуы жолаушылар үшін айрықша маңызды.

Қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасуда. Биыл 120 автобус сатып алынған. Көліктер Саран қаласындағы отандық кәсіпорында құрастырылады.

Зауытта заманауи автобустармен қатар жүк көліктері де шығарылады. Кәсіпорын жылына 2 мың автобусқа дейін құрастырады. Өндірісте отандық металды пайдалану арқылы автобус шанақтарын штамптау жұмыстары да жолға қойылған. Бүгінде кәсіпорындағы қазақстандық қамту үлесі 50 пайызға жуықтайды. Өзімізде құрастырылған автобустардың бағасы да, тасымал шығыны да арзан.

Темірлан Талдыбаев, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Енді бұл автобустарды сатып алу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп жатыр. Соңғы бес жылда жолаушы тасымалдаушылар жалпы жылжымалы құрамын 80 пайызға жаңартты. Осының қатарынан біз жыл сайын маршруттар қосып, автобустарды жаңартудамыз.

Отандық өндірістен шыққан жаңа көліктердің желіге қосылуы жолаушылар тасымалының сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігін арттырып отыр. «Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев