Халықаралық алма күні Лондонда жергілікті алманың жойылып бара жатқан сұрыптары мен жеміс бақтарына назар аудару мақсатында белгіленген. Алма өсіру жағынан біздің елде Түркістан мен Алматы, Жетісу облыстары ең алдыңғы қатарда. Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында бұрынғы алма бақтары қайта қалпына келтіріліп, интенсивті бақтар көптеп салынуда. Тиісінше алма өңдеп, одан дайын өнім шығаратын зауыттар да бірінен соң бірі бой көтере бастады. Сондықтан отандық бағбандар үшін алма өткізу мәселесінде ешқандай түйткіл туындамауы тиіс. Еліміз бойынша жалпы сыйымдылығы 175 мың тонна алма сақтауға арналған 72 қойма бар. Биыл тағы екеуі іске қосылған. Кәсіпкерлердің заманға сай қойма салуға кеткен шығынының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Тыңайтқыш пен тұқым алуға және қарқынды алма бақтарын отырғызу бойынша да субсидиялар қарастырылған. Кей зерттеушілердің дерегінше, Қазақстанда 400-ге жуық алма сұрыбы мен буданынан тұратын коллекция қалыптасқан. Оның ішінде апорт негізінде шығарылған жаңа сұрыптар да бар.
Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ басқарма басшысы:
-Алматы облысында Институттардың базасында 10 гектарға аппортың жаңа сұрыптары егілді. Негізгі бағыты аппорт сортын жаңғырту, егіс ақаптарын ұлғайту болып табылады. Тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның көшеттерін дайындайды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛМА КҮНІ
Іле Алатауының бөктерінде өсетін жабайы Сиверс алмасы әлемдегі барлық мәдени алма сұрыптарының түп атасы саналады. Бүгін Алматыда мерекелік іс-шаралар өтті. Аспаздар алмадан ондаған тағам әзірледі. Шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ғалымдардың айтуынша қазақстандық алма сұрыптары дәмі жағынан шетелдік өнімдерден асып түседі.
Марина Оразаева, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» бөлім меңгерушісі:
-Дәмдік және органолептикалық қасиеттері жағынан біздің алмаларымыз, әрине, шетелдік сұрыптардан асып түседі. Жоңғар және Іле Алатауының табиғи-климаттық жағдайлары, яғни Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары алма өсіруге өте қолайлы. Күн радиациясының мол болуы мен температуралық режим де маңызды рөл атқарады. Күз мезгілінде күндізгі және түнгі температураның күрт ауытқуы алманың құрамында қант пен қышқылдың көбірек жиналуына ықпал етеді.