«Таза Қазақстан» жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға-шыншыл сөз» кітабында осылай деп жазды. Экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған жобалардың бірі бүгін Ақтөбеде іске асты. Мұнда эко-саябақ салынып жатыр. Табиғаты тамылжыған Қарғалы өзенінің жағасы енді демалыс орнына айналмақ.
«Таза Қазақстан» - жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет.
Садовое ауылының маңы ақтөбеліктер мен қала қонақтары жиі тоқтайтын демалыс аймағы. Әсіресе жаздың жаймашуақ күндері Қарғалы өзенін жағалай жайғасатындардың қарасы көбейеді. Сондықтан бұл аумақты абаттандырып, туристік инфрақұрылымын дамыту қолға алынып, экосаябақ салынып жатыр. Бұрын қарағаш пен көктерек қана көмкерген өзен жағалауына бүгін 100 түп қайың көшеті егілді.
Мансұр Есқожин, тілші:
-Тал теректерді егіп қана қоймай оның тамыры жайылып, жайқалып өсуі үшін суару жүйесінің де тұрақы болғаны шарт. Экосаябақ аумағында бұл мәселені тамшылатып суару әдісімен шешкен. Ал суды іргеден ағып жатқан Қарғалы өзенінен алады.
Жасыл желекті «Мектеп орманшылығы» жобасының белсенділері екті. Облыс орталығындағы №82 «Келешек» мектебінің оқушылары жазғы демалыста уақытын тиімді өткізген. Олар ағаш тұқымын теру, жасыл желекті күту және суару кестесін әзірлеу секілді орманшылықтың қыр-сырын меңгеріп үлгерді.
Әлихан Айтқұлов, №82 орта мектебінің оқушысы:
-Біздің мектеп үшін экология бірінші орында. 350 ағаш ектік және де 1500 гүл ектік. Ағаш егу бұл тек бір жердің мәселесі емес. Бұл бүкіл Қазақстанның мәселесі деп санаймын. Себебі ағаш арқылы біздің экологиямыз күшейе бастайды және әлеміміз тазарып бастайды.
Қазір бұл жобаға облыс орталығынан он мектеп қатысып жатыр. Жеткіншектер ағаш егіп қана қоймай, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктерге де белсенді атсалысады. Балаларды табиғатты аялауға баулып жүрген «Ақтөбе» орман шаруашылығының мамандары өскелең ұрпақтың ынтасы жоғары екенін айтады.
Бауыржан Мырзағалиев, «Ақтөбе» орман шаруашылығы» КММ директоры:
-Өздерінің ұсыныстарымен келіп, кішігірім сенбіліктер ұйымдастырып жүр. Үлкен кісілердің шарбақтарына барып, арамшөптерін жұлып, ағаш, талдарын егіп беріп, белсенді қатысып жүрген оқушыларымыз бар.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүздеген іс-шара өтті. Қоршаған ортаны тазартуға бағытталған сенбіліктерден бөлек, «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ» секілді ауқымды бастамалар жүзеге асты. Нәтижесінде өңірде 54 мың түптен астам жас көшет егілді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков