Жамбыл облысында ауыл тұрғындары Республика күнін ерекше атап өтті. Ұлттық дәстүрді дәріптеген мерекеде 50 әже бір мезетте бесік тербетті. Осы шараға орай арнайы жасалған этноауылда ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Шәкен Ниязбеков ауылының тұрғындары Республика күнін думанды мерекеге айналдырды. Биылғы шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Осыған орай ауылдың 50 әжесі бір мезетте бесік тербетті. Олардың қатарында Шапағат Байысбаева да бар. Ақ жаулықты ана 20 немересінің барлығын бесікке бөлеген. Айтуынша, бесіктің бала тәрбиесіндегі орны ерекше.
Шапағат Байысбаева. Ш.Ниязбеков ауылының тұрғыны:
- Осы балаларды сол баланың бәрін осы бесікте бөлеп, бесіктен денсаулығын жақсы қылып өсіргенбіз. Ешқандай да дисплазия болмаған. Аяқтарын қатты байлап, жылы ұстағаннан кейін бұлардың аяқтары да сондай әдемі болып өскен.
Мерекеге орай ауыл орталығында этноауыл құрылып, киіз үйлер тігілді. Көрмеге түйе, жылқы, сиыр секілді төрт түлік қойылды. Балалар арқан тартып, асық атып, күрестен бақ сынады. Ал ауыл келіндері ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды әзірлеп, көпшілікке таныстырды.
Динара Бүркітбаева, Ш.Ниязбеков ауылының тұрғыны:
-Осы торкөз өрімді қайта жаңғырту мақсатында өріп, кішкентай ұрпақтарымызға көрсетіп жатырмын. Қазы жарылмау мақсатында және дастарқанда әдемі көріну үшін, қонақтарға ас бергенде әдемі көріну үшін өріледі. Жалпы осындай ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай ары қарай дәріптеуіміз керек.
Мерекеде ұлттық тағамдар әзірленіп, көпшілікке ұсынылды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Мақпал Досымбекова, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
-Республика күні қарсаңында бізде бір апта бойы осы іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шарамыз да сол күрге арналған. Бұл енді Шәкен Ниязбеков атындағы ауыл болғандықтан, бүгінгі тақырып та Шәкен Ниязбековтің өмір жолы мен шығармашылық жолына арналып отыр. Жалпы республика күніне бізде 50-ге жуық іс шара өтеді. Әрбір ауылдық округте сонымен қатар аудан орталығында және екі әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.
Мерекелік іс-шара «Ауылым алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылған. Игі іс жыл соңына дейін Жамбыл ауданындағы барлық елді мекенде өтеді. Қортындысы бойынша үздік ауылдар марапатталады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев