Республика күні Республика күні

Егемендік декларациясы – Тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам

  • 3
  • 23.10.2026, 18:46

Осыдан 36 жыл бұрын 25 қазан күні негізгі құндылықтарымыз бен елдің даму бағыты жазылған Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. 13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл 5-рет тойланбақ. Бұл күн – ата-бабамыздың арманы жүзеге асып, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Осыдан 4 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні ұлттық мереке санатына қайта енгізілді. 2001-2009 жылдары 25 қазан – мереке ретінде белгіленіп келді. Бірақ одан кейінгі жылдары бұл күн күнтізбеден алынып тасталған еді. Араға бір мүшел салып ұлттық мереке мәртебесін алды. Ендеше тарих куәгерлеріне құлақ салсақ.

Оралбай Әбдікәрімов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Ол кезде мен 12-шақырылымдағы Жоғары Кеңестің депутаты болғанмын. 360 депутат болды. Олардың ішінде қарсы шыққан депутаттар да болды. Бұл декларация Тәуелсіздікке бастаған бірінші қадам еді. 1 жылдан кейін біздің Тәуелсіздікті жарияладық. 

Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Қабылданған кездегі қандай қызу тартыс болғанын және қандай заңдық қағидаттар болады, соның барлығын елге дұрыстап айтса, біздің тарихымызды зерттеуге, қайта оралып қарауға, көп құжатты көтеруге ғалымдар үшін де, зерттеушілер үшін де өте маңызды үлкен бір сала. 

Сонау 1990 жылы қабылданған «Егемендік туралы декларация» саяси тұрғыда қоғамды дүр сілкінткен жаңалық болды. Декларацияда елдің территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен демократиялық зайырлы бағдары және мемлекеттік рәміздері бекітілді. Декларациялық құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет қазіргі Қазақстанның негізі қаланды. 

Ақмарал Ибраева, т.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:

- 15-18 ғасырдың аяғы кезінде осы дәстүрлі қазақ қоғамының дамуы қазақ мемлекетінің, қазақ этносының қалыптасуымен байланысты болатын, кейін енді тарихи өзгерістер болып, Кеңестік дәуір, одан кейін қайта Қазақстан мемлекеті жаңғырды. Нағыз мемлекеттілікті жалғастырған Республика күні 25 қазан болып есептеледі. Сондықтан мұның барлық мерекелерден мәртебесі өте жоғары.  

Егемендіктің бүгінгі тірегі – елдегі  тұрақтылық пен татулық. Ендеше ел пікірін білгенді де жөн көрдік. 

2022 жылғы маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы 25 қазанға ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған соң артынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің қайта оралуын оның тарихи маңызымен және патриоттық, волонтерлік бастамалар арқылы жалпыұлттық мерекеге айналдыру қажеттілігімен байланыстырды. Осылайша ұлттық мереке мәртебесінің қалпына келтірілуі 25 қазанның ел күнтізбесіндегі ерекше орнын бекітті.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Самат Сүлейманов