Республика күні Республика күні

Ұлытау облысында Республика күніне орай салтанатты шара өтті

  • 3
  • 23.10.2026, 18:59

Ұлытау облысында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға еңбек ардагерлері, мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты. Ел дамуына еселі еңбек сіңірген бірқатар азамат мемлекеттік наградаларға ие болды.

Ұлытау жеке облыс болған төрт жылда үш бірдей Қазақстанның Еңбек Ері шықты. Тұрсынбек Мәкішев пен Қайрат Байбосыновтан соң жоғары награда жезқазғандық металлург Әбдірашит Доспановқа бұйырды. Еңбек Ері атағын Ақордада Президент тапсырды. Облыс әкімі Есет Байкен: «Бұл марапат барлық металлургтерге көрсетілген құрмет», - деп атап өтті. 

Есет Байкен, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының тарихи шешімімен құрылған Ұлытау облысы да соңғы төрт жыл ішінде еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына аяқ басты.  Аз уақыт ішінде өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Бүгінде облысымызда жаңа жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым жаңарып, өндіріс пен әлеуметтік саланы дамытуға тың серпін берілуде.

Көп жылдар бойы қоғам игілігі үшін еңбек еткен облыс тұрғындары елімізге сіңірген ерекше еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Президент атынан көпбалалы аналарға Алтын және Күміс алқа табысталды. Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында металлургтер, кеншілер, мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бар. 

Гүлден Жанділдинова, журналист:

-Мен Президенттің мемлекеттік наградасы «Ерен еңбегі үшін» алып отырмын. Осы ақпарат саласында, журналистика саласында 18 жыл еңбек еттім. Өте қуаныштымын. 

Мейіржан Әбілдинов, еңбек ардагері:

-Еңбегімізді бағалап жатыр. Бізбен қатар талай жұмыскерлер марапаттар алып жатыр. Бұл үлкен шабыт береді. Рақмет дейміз. 

Салтанатты жиында облыстың болашақ дамуына қатысты жоспарлар да айтылды. Өткен тоғыз айда өңір экономикасына 330 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ең ірі 30 әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары басталды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев