Республика күніне орай Талдықорғанда 60 мыңнан аса адамға қызмет көрсететін жаңа емхана пайдалануға берілді. «Қарқынды құрылыс» бағдарламасымен тұрғызылған ғимарат қажетті материалдық техникамен жабдықталған. Жетісу облысы құрылғалы бері аймақта 149 медицина мекемесі салынды. Соның 60 шақтысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме жеңілдетіліп, емдеу сапасы жақсара түсті.
Дәрібек Қарабасов, қала тұрғыны:
-Қарапайым адамдарға өте ыңғайлы болады. Жаңадан шағын аудандар салынып жатыр. Талдықорған өсіп жатыр. Баяғыдай емес, қазір 220 мың халыққа өсіп барады. Осындай халқымыз өсіп жатқан облыс орталығына осындай заманауи емхана керек еді.
Сәуле Құсмолданова, қалалық №3 емхананың директоры:
-Алғаш рет Талдықорғанда амбулаториялық хирургия ашылды. Енді шағын инвазивті операциялар осы мекемеде жасалады. Мұндағы магнитті резонансты томография, ренгенологиялық диагностика сынды техниканың бәрі ғаламторға және ПАК жүйесіне қосылған. Қажетті мамандар жеткілікті.