Қызылорда облысындағы Нартай, Жиделі-арық және Алғабас ауылының тұрғындары малын өріске шығара алмай отыр. Себебі төрт түлікті суаратын жер жоқ. Аудандағы бірнеше су арнасы бірнеше айдан бері құрғап тұр. Ауылдықтардың айтуынша, соңғы жылдары су тапшылығы жиілеп кеткен.
Өңірде егін жинау науқаны аяқталды. Енді егістік алқабына төрт түлік еркін жайылады. Бірақ өрісте мал суаратын су жоқ. Аудандағы «Жаңа Шиелі» магистральды су арнасы қыркүйекте жабылған. Содан бері ішкі су арналары да құрғап жатыр. Нартай, Жиделіарық және Алғабас ауылының тұрғындары бұл мәселе соңғы екі жылдан бері қайталанып отырғанын айтады.
Мырзабек Исаев, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
-Сентябрь болмай жауып тастады, көктемге дейін былтыр болған жоқ. Биыл тағы сондай болып, сентябрь де жапты, содан әлі су жоқ. Өрсінен ауып кетті мал. Бұрынғыдай өрісінде су болмағасын, су қай жерде бар, сол жерге кетіп қалды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
-Жиделіарық ауылының төрт түлігі бүгінгі күнге дейін дәл осы құдықтан су ішіп келді. Алайда соңғы күндері мұндағы су деңгейі төмендеп, тартылып бара жатыр дейді тұрғындар. Алдағы уақытта бұл тіршілік нәрінен де айрылып қаламыз ба деп алаңдайды.
Әлімхан Әшіров, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
-Сбростағы да су тартылып, мал батып жатыр. Бәрі батпақ болып кетті. Каналда су болмағасын болмайды. Тіршілік сусыз нәрсе болмайды. Судың кесірінен құдықтың да суы болмай жатыр.
Су тапшылығына қатысты «Қазсушар» мекемесі өкілінің айтуынша, аудандағы су арналары «Жаңа Шиелі» магистральды каналы арқылы сумен қамтылады. Алайда қазір бұл арна бойына цифрлы гидроқондырғылар орнатылып жатыр. Соған байланысты су беру уақытша тоқтатылған.
Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РМК филиалы директорының орынбасары:
-Біз қазір суды жауып қойып, жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені каналдың табаны деп айтамыз, сол жерге біз қазір бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан ауа райының қолайлығын пайдалана отырып, біз жұмысты жүргізіп алуымыз керек. Одан кейін жұмыс аяқталғаннан кейін желтоқсан айының ішінде қайтадан суды ашып, экологиялық мақсатта су беру жоспарда бар. Жаңа Шиелі магистралды каналы ашылса, басқа ішкі каналдардың барлығына су барады.
Мамандардың айтуынша, магистральды су арнасының бойындағы 8 бекетке заманауи су өлшеу қондырғысы орнатылады. Бұл жаңа технология суды қолмен емес, электронды түрде есептеп, кез келген уақытта нақты мәлімет алуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірде келесі егін науқаны басталғанға дейін 100 шақырымға жуық су арнасын тазалау жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев