Ақмола облысында 5 мың адамның құқығы қорғалды

  • 5
  • 27.10.2026, 17:28

Жыл басынан бері Ақмола облысында 5 мың адамның құқығы қорғалды. Олардың ішінде кәсіпкерлер де бар. Тұрғындар субсидия және тиісті жер телімін ала алмау, әлеуметтік жәрдемақыдан қағылу сияқты мәселелер бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментіне шағым түсірген. Құзырлы орган өкілдері азаматтардың уәжін тыңдап, көбінің талап-арызы шешімін тапты. 179 шаруаға 418 миллион теңге субсидия төленетін болды. Одан бөлек, екі мың гектардан астам шабындықты егіс алқабына ауыстыруға мүмкіндік берді. Атаулы әлеуметтік жәрдемақыны уақытында алмағандардың да құқығы қорғалып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Нұрсұлтан Шытырымбек, мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы:

-Департаменттің ден қою шараларының  нәтижесінде 1329 жәрдемақы алушының алдында 130 млн.теңгеден астам берешек жабылды. Екі жолаушылар тасылмалдаушыларына 160 миллионнан астам субсидиялар төленді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге бақылау жүргізу нәтижесінде 44 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. 56 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды.