Республикалық кітап оқу марафонына қатысушылар саны 1 миллион 470 мыңнан асты. «Жылдың 10 оқырманы» жобасы аясындағы сайыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өтіп жатыр. Үміткерлер арасында түрлі санаттағы азаматтар бар. Ал қоғамда кітап оқуға құмар адамдар саны артып келеді.
7-жасар Аяла Есенгелді, ұлы Абайдың бірнеше өлеңін жатқа біледі. «Себебі ақынның шығармасы өте түсінікті, оқыған адамды бірден баурап алады», - дейді. Шымкент қаласында тұратын 2-сынып оқушысы кезекті рет ұйымдастырылған «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлделі бірінші орнын жеңіп алды. Кітап оқуға құмар Аяла, поэзиядан өзге бірқатар ертегіні де жатқа біледі.
Аяла Есенгелді, оқушы:
- Менің үйімде әжем кітап оқиды, атам кітап оқиды. Әкем кітап оқиды. Кластастарымнан бір қыз оқиды. Мен де оқимын. Өскенде кім боласың? Мұғалім. Себебі балаларға жазуды, оқуды үйреткім келеді.
Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, жан дүниесін байытатыны анық. Қазір оқырманның талғамын танып, қалауын табатын шығармалар да жетерлік.
Кітап оқушылардың көбейгенін кітапханалар мен кітап дүкендерінің қызметкерлері де байқаған. Мәселен, ұлттық академиялық кітапханасына келушілер, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажет құжаттардан өзге, классик жазушылардың туындыларын сұрауды арттырған. Яғни көркем шығармаларға қызығушылық жоғары. Әрі мұнда кітап оқу марафонына қатысушылар да жиі келеді.
Айтоты Жақыпова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары:
- «Кітап оқитын ұлт» жобасындағы кітаптар да өте жоғары сұраныста. кітапханада ең басындағы құрылымы бойынша 500 ғана орындық болатын болса, яғни 500 оқырманды қабылдау керек болса, қазіргі таңда біз 900-ден асып кеттік. Ал жалпы күн сайын мыңнан аса оқырмандар келеді. Әрине, басым көпшілігі - жастар.
Қоғамда кітап оқу мәдениет қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде тек «жылдың 10 оқырманы» жобасы аясында басталған жалпыұлттық кітап оқу марафонына қатысушылар 20 өңірден тіркелген. Оның қорытындысы келер жылы наурызда. ал республикалық кезеңі сәуірде белгілі болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Табалдиев