Шымкент қалалық перинаталдық орталығына жоғары санат берілді. Ұлттық аккредиттеу қорытындысы бойынша орталықтың материалдық-техникалық базасы, дәрігерлердің біліктілігі және көрсетілетін медициналық қызметтердің халықаралық стандарттарға сәйкестігі жан-жақты сарапталды. Өңірдегі ірі медициналық мекемеге Құрылтай депутаттары, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы жұмыс сапарымен барып, үлгілі ұжыммен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланып, медициналық инфрақұрылымды дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары, атап айтқанда, елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы және дәрігерлер мен медбикелерге еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін қосымша ақы төлеу мәселесі айтылды. Жаңа өзгерістер 77 мыңнан астам медицина маманының табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Бахадыр Нарымбетов, ҚР Құрылтайының депутаты
– Біз қазір әрбір санаттармен кездесіп жатырмыз. Ең бастысы, халықтың арасында Жолдауды оң қолдап жатқаны және де оны үлкен сеніммен қарап отырғаны бізді қуантып отыр. Себебі біз айтқан мәселелерді түсіндіргенде көбінесе сұрақ емес, ұсыныс айтып жатыр.