Президент Жолдауында айтылғандай, елімізде жаңа Азаматтық кодекс қабылданады. Құжат азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғап, экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасауы тиіс. Оны әзірлеу барысында жаңа уақыт талабына сай заңдарды жетілдіру, меншік құқығын қорғауды күшейту және келісімшарт жасау еркіндігін кеңейту сынды бағыттарға басымдық беріледі.
Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазылған. Енді жаңартылған нұсқасы 2027 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс.
Құжатты әзірлеуге депутаттар, ғалымдар, заңгерлер, кәсіпкерлер мен сарапшылар тартылады.
Соледад Дүйсебалиева, заң ғылымдарының кандидаты, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры:
– Біздің құқық мамандарының алдында тұрған басты міндетіміз – технологияға толық еркіндік бере отырып, жеке тұлғаның құқықтарын сенімді қорғау тетіктерін қамтамасыз ету. Алгоритмдер билік ететін әлемде адамның, оның құқықтарын, құндылықтарын басты орынға қойып, олардың қорғалуын қамтамасыз ету қажет деп ойлаймын.