Биыл ел Тәуелсіздігіне 35 жыл. Осы қысқа мерзім ішінде еліміз қарқынды дамып, зор табыстарға қол жеткізді. Тұрақты экономика құрып, әлеуметтік салада, саясатта, мәдениетте және спортта алға оздық. Егемендік жылдарындағы ел жетістігі қандай? Тәуелсіздіктің тіні мықты болу үшін елімізде қандай алғышарттар жасалып жатыр?
Құралай Жұмахан, тілші:
– 35 жыл. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Бүгінде айбынды әскеріміз бар. Шекара бекіді. Мемлекеттік рәміздер бекітілді.
1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдады. Содан бері еліміз орнықты мемлекеттік институттары бар және экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.
Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Биыл көптеген өзгерістерді бастан өткердік. Соның ең бастысы – жаңа Конституцияның қабылдануы. Бірпалаталы Құрылтай өз жұмысын бастап кетті. Халық кеңесі деген институт пайда болды. Конституцияға барлық заңды, салалық заңдарды сәйкестендіріп жатырмыз.
Тәуелсіздік символының бірі – Астана қаласы. Елорда Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, Батыс пен Шығысты байланыстыратын алтын көпір болып үлгерді.
– Мемлекет басшысының пәрменімен жерүсті метро – Тарланның қосылуы тек астаналықтардың ғана емес, қала қонақтары мен шетелдік туристердің көзайымына айналды. Әуежай мен теміржол вокзалын жалғап тұрған жеңіл рельсті көлік қаланы басқа қырынан тануға мүмкіндік береді.
– Жеңіл рельсті көлігімен тәулігіне 73 мың жолаушы тасымалданады. Tarlan Astana іске қосылғаннан бері 8 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Серік Рүстембеков, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі:
– Астананың Бас жоспарына қатыстым. Негізгі Бас жоспар оған соавтор боп қатыстым. Өзеннің жағалауында 25 000 дача болды. Оның 80-90 пайызы бұзылып, заманауи тұрғын үй кешендері көтерілді.
– Шаһар аз ғана уақыт ішінде әлем таныған заманауи мегаполиске айналып, еліміздің саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде орнықты. Астана – бұл жай ғана елорда емес. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның символы.
Құралай Жұмахан, Самат Сүлейманов