Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігін күшейтуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Түркістан және еліміздің өзге де өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілуде. Төтенше жағдайлар министрлігі «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерінің санын көбейтуде. Неге? Қандай қауіп бар? Әдетте күз, қыс және көктемді қамтитын жылыту кезеңінде энергетиктер мен коммуналдық қызметтер ғана емес, құтқарушылар да тақым қысады. Ал еліміздің барлық өңірінде басталған жылу беру маусымы ойдағыдай жүріп жатыр ма?
Еліміздің барлық өңірінде дерлік жылу беру маусымы штаттық режимде жүріп жатыр. Бас энергетик Ерлан Ақкенженов энергетикалық инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңнен өтуге дайындығы турасында баяндап, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат 27 пайызға ұлғайғанын айтып, сүйіншілегендей болды.
Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52, жылу желілерінің тозуы 65,7-ден 48 пайызға дейін төмендеген. Технологиялық бұзушылықтар да былтырмен салыстырғанда, 6 пайызға азайыпты.
Әлбетте, бұл құрғақ сандар емес, олардың сыртында ала жаздай жүргізілген ауқымды жұмыстар тұр. Атап айтқанда, 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбинаға жөндеу жұмыстары аяқталды. Өңірлік электр желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желілері мен 444 қосалқы станса жөнделді. Сондай-ақ 377 шақырым жылу желілеріндегі жұмыстар толығымен аяқталған.
Енді осы жерде басты мәселені атай кеткеніміз жөн. Сандар жақсы, бірақ прагматикалық көзқараспен қарайық. Айталық, әлемдік тәжірибеде коммуналдық жаңғырту жұмыстары бұл – үздіксіз жүретін процесс, ал біз әзірге тозығы жеткен жүйенің жыртығын жамаудан аса алмай келеміз.
Жаңағы 27 пайызға артқан қаржыландыру жылу-энергетика секторындағы жалпы тозу деңгейін 1-2 пайызға төмендетті. Ең жоғарғы көрсеткіш электр стансаларында 8 пайыз десек, оның өзінде түйткіл әлден бар. Премьер-министр бұны астын сызып тұрып атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Қазіргі таңда барлық өңірде жылу беру маусымы басталды. Тұтынушыларға жылу кестеге сәйкес берілді. Бірақ жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсуде. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары да бар.
Жылыту маусымы кезіндегі үлкен проблеманың бірі – тұрғын үй секторындағы өрт. Бұл мәселе де Үкіметте майшаммен қаралды. Әңгіме жер үйлер һақында. Қазір 93 мың баспана есепке алынып, 6 мыңнан астам мұржа тазаланып, 3 мыңнан астам пеш, 3,5 мыңдай электр жабдықтары жөнделген. Сондай-ақ 13 мыңнан астам өрт дабыл жүйелері орнатылған.
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов аталған бағыттағы алдын алу шаралары цифрлық форматқа көшіріліп жатқанын мәлімдеді. «Тұмар 112» цифрлық қосымшасы әзірленіп, ол ереже бұзу деректерін тіркеуге, үйлердің электрондық есебін жүргізуге және неғұрлым осал үйлерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба Абай облысында сынақтан өтіп жатыр екен.
Төтеншеліктер атап өткендей, жеке тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары азайғанымен, бөрікті аспанға атуға ерте. Кесел 40 пайыз жағдайда электр құрылғыларды дұрыс пайдаланбаудан, 30 пайыз пештен және 11,5 пайыз оқиғалар отқа салғырттықтан болады екен. Үкіметбасы құтқарушыларды қатаң болуға үндеді.
– ТЖМ тек формальды ұсыныс нұсқаулар берумен шектелмеуге тиіс. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін барынша пәрменді шаралар қабылдау қажет.
От жағылған жерде өрт қаупі туындайтыны – табиғи заңдылық. Өз кезегінде Үкімет 19 өрт сөндіру депосы салып, құтқару қызметтерінің кадрлық әлеуетін күшейтуді көздеп отыр. Қазір 160-тан астам өрт сөндіру техникасы, 1,5 мыңдай жабдық пен 2 мыңнан астам жауынгерлік арнайы киім-кешек сатып алынуда. Бұл жұмыстар жылыту кезеңіндегі жазатайым жағдайларды азайтуы тиіс.