Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы кеңестік кезеңнен қалған инфрақұрылымдық желілерді жаңартады. Осы салада жұмыс істеп жүрген компаниялардың дамуына да мүмкіндік береді. Өңірлерде мектеп, аурухана, спорт кешендері мен Мәдениет үйлері бой көтереді. Жолдар мен көпірлер жаңартылады. Су тазалау станциялары мен бөгеттер салынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарына сұраныс та артады.
Қазір Қазақстан құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың 70 пайыздан астамын қамтып отыр. Саладағы мәселелер жуырда Алматыда өтетін Alatau Circle Summit 2026-те талқыланбақ.
Ринат Балқыбек, Alatau Circle Summit ұйымдастырушысы:
– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 6,5 триллион теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылып жатыр. Бұл – құрылыс саласында жұмыс істейтін мамандар мен компаниялар үшін үлкен мүмкіндік. Алайда сапалы құрылыс жүргізу үшін, ең алдымен, білім мен кәсіби біліктілік қажет. Осы бағыттағы тәжірибе мен сараптамалық деңгейді арттыру, білімді жетілдіру мақсатында біз осы форумды ұйымдастырып жатырмыз.
Тимур Нұртаев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры:
– Келесі жылы 1,5 триллион теңге бөлінеді. 2029 жылдың соңына дейін 6,5 триллион теңге игеріледі. Бұл қажет бағдарлама деп есептеймін. Себебі инженерлік желілердің бірқатары кеңестік кезеңде салынды. Олар әбден тозды. Жөндеуге келмейді. Қазақстанда халық саны өсіп жатыр. Сондықтан инженерлік желілерді жаңалау керек.