Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Ұлытау облысында жеті жылда 6 мектеп пайдалануға берілді

  • 0
  • 11.11.2026, 18:13

Соның бірі – Жезқазғандағы №12 жалпы білім беретін мектеп. Оқу ордасы Қабанбай батыр шағынауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынды. Білім сапасын арттырып, орын тапшылығын жою үшін болашақта тағы бірнеше мектептің құрылысы басталады.

Қабанбай батыр шағынауданының балалары бұрын Жезқазғандағы өзге мектептерге қатынап оқитын. Жолға көп уақыт кететін. Ал қыста тіпті қиын. Қазір оның барлығы артта қалды. Оқушылар үйіне жақын жерде білім алады.

Нұрбибі Жаналинова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Бұрынғы кезде 13-ші мектепке, 9-шы орамға балаларымыз қатынап оқып жүрді. Ол кезде қолайсыз болды. Осындай «Келешек мектептер» салып бергеніне, жалпы білім беріп тұрған мектебімізге рақметімізді айтамыз.

Жаңа мектеп 300 оқушыға арналған. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асатын ғимаратта 26 оқу кабинеті, спорт және акт залдары, асхана бар. Қазақ және орыс тілдерінде білім береді.

Медет Сейтбек, №12 жалпы білім беретін мектептің директоры:

– Мектебімізде зертханалар және арнайы кабинеттермен жабдықталған және заманауи жаңа құрылғылар бар. Балаларымыз сабақтан тыс уақытта осы үйірмелерге қатысады. Сондай-ақ қазіргі кезде өздерінің алған білімдерін практикалық түрде қолдануға көмегін тигізіп жатыр. 

Соңғы жеті жылда Ұлытау облысында алты мектеп салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табады. Мәселен, Жезқазғанда 1000 орындық Binom мектебінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, қалада ұлдар мен қыздарға арналған 800 орындық «Білім-инновация» лицейі мен 900 орындық тағы бір мектеп салу көзделген. Сондай-ақ облыстағы қала мен ауылдарда жаңа білім ошақтары салынады.

Салтанат Айжанова, білім басқармасының бөлім басшысы:

– Аталған жұмыстар өңірдегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта Ұлытау облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында тағы 6 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Жаңа жобалар мектептегі орын тапшылығын азайтып, Ұлытау облысында сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Руслан Нұрланұлы, Нұрбол Үздікбаев