Болашақ мамандардың кәсіби шеберлігі бүгіннен қалыптасады. Павлодар химия-механикалық колледжінде заманауи оқу кабинеттері ашылды. Олар сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар колледжде пайдалы қазбаларды байыту және өңдеу мамандығы ашылды. Жаңа кабинеттер KAZ Minerals тобының қолдауымен жүзеге асырылған «Суперколледж» әлеуметтік жобасы аясында жабдықталды.
KAZ Minerals қолдауымен Павлодар химия-механикалық колледжінің оқу кабинеттері мен зертханалары заманауи жабдықтармен қамтылды. Енді студенттер өндірістік жабдықтармен жұмыс істеуді колледж қабырғасында жүріп-ақ меңгереді.
Арман Ертай, Павлодар химия-механикалық колледжінің студенті:
– Реакторларды, колонналарды біз тек суреттерден көрдік. Енді бізде жаңа зертханалар, заманауи құралдар бар – вискозиметр, хроматограф және тығыздық өлшегіш. Олар арқылы біз талдау жасай аламыз.
Жобаның инвестиция көлемі 350 миллион теңгеден асады. Осылайша KAZ Minerals оқу кабинеттерін жаңарту арқылы тәжірибелік білім беруге және тау-кен саласына білікті кадр даярлауға үлес қосып отыр.
Әлімжан Тойлыбаев, KAZ Minerals Bozshakol қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің үйлестірушісі:
– Осы төрт мамандықтың ішінде ең негізгісі – пайдалы қазбаларды байыту мамандығы. Себебі жер астынан қазып алынған кенді өңдеп, байытып, нәтижесінде концентрат алу – үлкен процесс.
KAZ Minerals Бозшакөл білім гранттарын тағайындап, жас мамандарға «Тағылымгер» бағдарламасын ұсынады. Сонымен қатар колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған «Суперколледж» жобасын жүзеге асырып келеді.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков