Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына 35 күн қалды

  • 1
  • 11.11.2026, 18:20

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тура 35 күн қалды. Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында және Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет саналады. Құрлықтағы шекарасының ұзындығы 13 мың шақырымнан асады. Бұл – Жер шары экваторы ұзындығының үштен біріне жуық. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін еліміздің алдында осынау ұлан-ғайыр аумақтың шекарасын заң жүзінде бекітіп қана қоймай, оны күзету міндеті де тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның шекарасы қалай қалыптасты? Алғашқы шекарашылар қандай қиындықтарға тап болды?

Мемлекет шекарадан басталады. Егемендіктің ең маңызды белгісі де осы. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап өзінің территориясын нақтылауға ерекше маңыз берді. Делимитация және демаркация жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. «Бұрынғы кеңестік әкімшілік шекараларды енді тәуелсіз мемлекеттердің халықаралық шекарасы ретінде рәсімдеу оңай болған жоқ», – дейді сала ардагері.

Марат Мәжитов, ҰҚК Шекара қызметінің ардагері:

– Шекараны белгілеу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Әрбір шекара бекетін орналастыру үшін де талай қиындықты еңсеруге тура келді. Сол кезеңде халыққа шекараның не үшін қажет екенін, оны белгілеудің маңызын түсіндіру керек болды. Әсіресе, оңтүстік өңірлердегі халық үшін бұл мәселені қабылдау оңай болған жоқ. Себебі ол кезде тұрғындардың бір бөлігі балаларын Өзбекстанда оқытты, электр энергиясын бізден алып, суды Өзбекстаннан пайдаланды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өте тығыз еді. Сондықтан шекара белгілеудің қажеттілігін бәрі бірдей түсіне бермеді. Тіпті, түсінбегендіктен, өз халқымыздың арасында да қарсылық білдіргендер болды. Ал бүгінде бұл жұмыстар толық жүзеге асты. Халық шекараның не екенін және оның ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді.

Қазақстан ТМД бойынша көрші елдермен шекарасын анықтап, толық заңдастырған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бұл бағытта отандық дипломаттар ұзақ жылдар бойы келіссөздер жүргізді. «Әсіресе, Қытаймен арадағы шекараны межелеу ең күрделі мәселелердің бірі болды», – дейді саясаттанушылар.

Нұрлан Сейдін, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры:

– Делимитация және демаркация мәселесіне келсек, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара толық анықталған. Кеңес Одағынан мұра болып қалған екі даулы учаске бар еді. Осы мәселелерді шешу үшін екіжақты мемлекетаралық комиссия жұмыс істеді. Нәтижесінде аталған учаскелердің шекарасы толық айқындалды. Қол жеткізілген келісімдерге мемлекет басшылары жоғары деңгейде қол қойып, кейін оларды екі елдің парламенттері ратификациялады.

Ел шебін айқындаумен қатар оны қорғау жүйесін құру да маңызды болды. 1992 жылы 18 тамызда Қазақстанның Шекара әскерлерін жасақтау туралы Жарлыққа қол қойылды. Бүгінде шекарашылар ел аумағының тұтастығын сақтап, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында қызмет атқарады.

Марат Мәжитов, ҰҚК Шекара қызметінің ардагері:

– Шекара өздігінен қорғалмайды, оны адам күзетеді. Сондықтан шекарашылардың тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, бар назарын мемлекеттік шекараны қорғауға аударуы үшін қазір көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ақтөбеде кеме жасау зауытымыз бар. Онда жасалған кемелер бүгінде Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараны күзетуге жұмылдырылған. Тек өткен жылдың өзінде 60-тан астам қайық ұсталды. Сонымен қатар контрабандалық жолмен пайдаланылған 4 мыңға жуық ау тәркіленді. Мұның барлығын атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі деп есептейміз.

Бүгінде Қазақстанның теңіздегі учаскелерін қоса есептегенде, мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Соңғы жылдары бұл салада цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер енгізілуде. Ұшқышсыз ұшу аппараттары, спутниктік навигация, биометриялық сәйкестендіру және деректерді жедел өңдеу жүйелер шекарашылардың жұмысын жеңілдетіп, заңсыз шекара кесіп өту әрекеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде.

Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов