Енді өнеркәсіптік аймақтағы зауыттарға шикізат жеткізу мен дайын өнімді тасымалдау жеңілдеді. Стратегиялық жоба Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетті арттыру тапсырмасы аясында жүзеге асты.
Өндірістік аймаққа тартылған теміржолдың ұзындығы 6,4 шақырым. Желі толық іске қосылды. Стратегиялық маңызды шойын жол «Текесу» станциясы арқылы негізгі магистральға қосылады. Алдағы уақытта жүк тасымалын одан әрі жетілдіру үшін қосымша бекеттер ашу жоспарланып отыр.
Азат Қайнарұлы, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
– Алдағы уақытта сол жерге бекеттер салынады. Сол бекеттер арқылы жүктің көлемі, жүктің жөнелту мерзімі барлығы сол арқылы жүргізілетін болады.
«Жұлдыз» индустриялды аймағында 71 кәсіпорын орналасқан. Инвесторлар ауыр металлургия, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісімен айналысады. Айтуларынша, жаңа теміржол желісі логистиканы жақсартып, шикізат пен дайын өнімді жедел тасымалдауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешен аумағын кеңейту көзделіп отыр.
Үсен Асанханов, «Жұлдыз» индустриялық аймағының басқарушы менеджері:
– Кәсіпкерлер мен инвесторлардың ұсынысы бойынша және көптеп қызығушылық танытқаннан кейін біз Мемлекет басшысы, қала әкімінің қолдауымен тағы 155 гектар кеңейту аймақтарын алдық. Сонымен қосқанда жалпы 461 гектарды құрап тұр. Бұл Қазақстандағы ең ірі индустриялды аймақтардың бірі болып саналады.
Президент Жолдауында теміржол желісін кеңейтумен қатар, жүк тасымалын дамытудың маңыздылығына мән берілді. Осы мақсатта Шымкентте әуе, теміржол және автокөлік мүмкіндіктерін біріктіретін бірыңғай логистикалық жүйе құрылады. Стратегиялық жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Әуе айлағын мультимодальды орталыққа айналдыру үшін жолаушылар мен жүк тасымалын да жандандыру маңызды. Осы мақсатта жарық-сигналдық жабдықтармен қамтамасыз етілген екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Бұл құбылмалы ауа райында кез келген әуе кемесін қабылдауға мүмкіндік береді.
Ұшып-қону жолағын жаңғырту экспорт пен импорттық әлеуетті арттыруға себеп болады. Ауқымды құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов