Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Ақтауда жылу қазандығының құрылысы басталды

  • 2
  • 12.11.2026, 18:06

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың жоғары бөлігіндегі шағынаудандарда жылу тапшылығы болмайды. Жоба құрылысына инфрақұрылымды дамыту қорынан 48 млрд теңге бөлінді. Жалпы келесі жылы Маңғыстау облысында құны 106,4 млрд теңге болатын бірқатар энергетикалық жоба жүзеге асады.

Қала халқының саны соңғы жылдары қарқынды өсіп, 311 мың адамнан асты. Бұрын 29 шағынаудан болса, қазір 42-ге жетті. Ауызсу, электр қуаты және жылуға деген сұраныс артты. Өңірде жылыту маусымы 15 қазанда басталады. Десек те, МАЭК-тен берілетін жылудың қуаты барлық ауданға жетпейді. Жыл сайын осылай.

Бүгінде қала бойынша жылу тапшылығы сағатына 130 Гкал. «Жуырда құрылысы басталған жылу қазандығы іске қосылғанда, тапшылық мәселесі шешімін табады», – дейді мамандар. Нысан құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі.

Мереке Бошанов, ЖШС бас директорының орынбасары:

– Жалпы қуаттылығы – 363 Гкал. Бұл құрылыс нысанында 11 жұп жылу қазандығы болады. Әрқайсының жылу қуаты 33 Гкал және 22 газ жандырғышы қойылады. Қазір жұмыс жұмыстарына отызға жуық адам тартылған. Келер жылдың жылыту маусымына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Президент жариялаған «Халықтық құрылыс жылы» өңірде 9 негізгі бағыт бойынша 43 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Оған 579 млрд теңге жұмсалады. Мысалы, Ақтауда жылу желілерінің 65%-ы әбден тозған. Су құбырлары 58%, ал кәріз желілерінің тозуы 69%-ды құрайды. Қайта жаңғырту жұмыстары арнайы әзірленген «Жол картасы» шеңберінде кезең-кезеңімен атқарылады.

Бердібек Қартбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– №7 шағынауданнан бастап №24 шағынауданға дейінгі аралықтағы желілерді толықтай жаңартатын боламыз. Ал газ саласына келетін болсақ, өздеріңіз білетіндей, Ақтау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді, сондай-ақ жаңадан салынатын ірі өндірістік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңаөзен – Ақтау» магистральдық газ құбырының төртінші желісі салынды. Қазіргі таңда оны пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соңғы екі жылда қалада жалпы ұзындығы 44 шақырым магистральды жылу құбырлары ауыстырылды. Қазір №4 және №5 шағынауданда жылу желілері жаңартылып жатыр. Жоба құрылысы келесі жылдың жылыту маусымына дейін аяқталады. Бұл аудандарда автоматтандырылған жылу бекеті де салынып жатыр. Қуаттылығы 29 МВт нысан энергокомбинаттан келетін жылудың тұрғын үйлерге бірдей әрі қалыпты берілуін реттеп тұрады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев