Түркістан облысында «Халықтық құрылыс» бастамасы бойынша 36 нысан салынады. Жобалардың жалпы құны 34 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Құрылыс келесі жылы басталып, 31-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Президент биылғы Жолдауында көтерген бұл бастаманы жүзеге асыру мәселесі облыстың қоғам белсенділерінің Құрылтай депутаттарымен кездесуінде талқыланды. Басқосуға қатысушылар мақта-тоқыма кластерін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу туралы пікірлерімен бөлісті.
Замир Мұхамеджан, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Биылғы Жолдау алдыңғы жылдардағы Жолдауларға қарағанда, заман талабына сай ерекшеленеді. «Халықтық құрылыс» деп атап өттік қой. Оның аясында, негізінен, әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына басымдық берілген. Бұл – халыққа ең қажетті бағыттар. Сонымен қатар мақсат – тек қалаларды ғана емес, ауылдарды да дамыту.
Дихан Қамзабекұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Әрине, Жолдауда айтылған ғылым, инновация және технология бағыттары өңірдің негізгі салалары – ауыл шаруашылығы мен өндірісте де біршама жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Мақта-мата кластерін атап өтуге болады. Сонымен қатар өңірде жеміс-жидек өсіру және ауыл шаруашылығының басқа да бағыттары бойынша жақсы жетістіктер бар. Ендігі міндет – осы жетістіктерді одан әрі дамыту, өнімді терең өңдеуді жолға қою және оның игілігін халыққа көрсету.