Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

«Ауыл аманаты»: Жетісу облысында 189 жобаға қолдау көрсетілді

  • 0
  • 12.11.2026, 18:20

Биыл Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 189 жобаға қолдау көрсетілді. Жеңілдетілген несие алғандар қатарында Қаратал ауданының кәсіпкерлері мен шаруалары бар. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар мал басын көбейтіп, қайта өңдеу және қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік алды.

Жанна Ғалымжанқызы Үштөбе қаласындағы теміржол бекеті жанынан ұлттық тағамдар дәмханасын ашты. Өз ісін кофе сатудан бастаған кәсіпкер мақсатына жету үшін мемлекет қолдауына жүгінген.

Жанна Ғалымжанқызы, кәсіпкер:

– 23 млн алдық, 2 пайызбен. СПК арқылы. Бізге негізі өте тиімді ол. Себебі бір жыл бойы каникул беріледі және ыңғайлылығы бір жылдан соң біз өзіміз таңдаймыз. Ай сайын төлейміз ба? Үш айда, алты айда, бір жылда бір төлегеніміз үшін өте негізі бізге тиімді және көмек.

Жолаушыларды тамақтандырып, қызмет көрсету мақсатында кәсіпкер 23 адамды жұмысқа алған. Олардың біразы жартылай дайын өнім жасап, ыстық ас әзірлейді.

Айғаным Ниетжанова, аспаз:

– Наурыз көже, сірне, қуырдақтың 5-6 түрі. Нарын, сорпа, кеспе көже. Күнделікті мәзірде бар. Қазақ тағамын жасап, қазақ салтын, тағамын насихаттаймыз.

Ал Дүйсенбек Жұмабай екі жылдан бері мал өсіріп, егіншілікпен айналысады. Биыл 20 гектарға еккен қант қызылшасын тамшылатып суару жүйесі арқылы өсірді. Өнім жинағалы отырған шаруаның техникалары түгел болғанымен, қосалқы бөлшектері жоқ. Сол себепті «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген.

Дүйсенбек Жұмабайұлы, шаруашылық жетекшісі:

– 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 34 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражаты беріліп жатыр. Оған соқа, жер тегістейтін, сепкіш, тұқым себетін және шөп шабатын техникалар сатып аламыз. Сондай-ақ тамшылатып суаруға қажетті техникаларға тапсырыс беріп қойдық. Енді олар жақын арада жеткізіледі. Соның нәтижесінде көктемгі жұмыстарымыз жеңілдеп, тиімділігі арта түседі.

Биыл Қаратал ауданы бойынша 23 адам мемлекеттік бағдарламаға қатысқан. Ұсынылған жобалардың басым бөлігі қолдауға ие болды.

Алмас Атайбеков Қаратал, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

– 23 өтінімнің 13-і мақұлданды. Оның жалпы сомасы – 221 млн теңге. Тағы 2 өтінім қаралу үстінде, олардың сомасы – 44 млн теңге. Ал 8 өтінім бойынша бас тартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаражат мал сатып алу, техника алу және өнімді қайта өңдеу мақсатында беріліп отыр.

Облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 5 млрд теңге қарастырылды. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 271 жобаға қолдау көрсетіп, 500-ден аса жұмыс орнын ашу көзделген.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев