Қазақстан Тәуелсіздік алған соң саяси-құқықтық негізін бірқатар басты құжат құрады. Оның ішінде әрине, 35 жыл бұрын 16-шы желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң да бар. Ал шекараны белгілеу, халық тұрмысын түзеп, елді дамытуға қатысты басты құжаттар қалай қабылданды?
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
– 1990 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларацияның қабылдануы ел тарихындағы маңызды белеске жол ашты. Құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атануына негіз болған саяси әрі құқықтық қадамдардың бірі. Содан кейін елдігімізді айшықтайтын және экономика, әлеумет, мәдениет және тағы басқа салаларды қамтыған іс-шаралар аз болмады.
Алдымен ел атауы өзгерді. Бұл кеңестік кезеңнен өткен мемлекеттің ең басты қадамы еді.
Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
– Мәселен, 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының атауы өзгертілді. Бұл өткеннен жаңа қоғамға қарай, жаңа кезеңге бет бұру. Яғни біз «Қазақстан Республикасы» болып жарияландық.
Ел тәуелсіздігін бекітіп, нығайта түскен маңызды құжаттар сол 1990 жылдары қабылдана бастады. Оның ішінде заңдар, жарлықтар және халықаралық шарттар бар.
– Азаттыққа қол жеткізген мемлекеттің сол кезеңде қабылдаған бірқатар тарихи құжаттары өте маңызды. Оның ішінде Семей ядролық сынақ полигонын жабуға қатысты және «Мемлекеттік рәміздер туралы» заң мен тұңғыш Конституция да бар. Ал «ҚР-ның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңның қабылдануы ел өміріндегі ең айшықты жағдай болды.
Жамаладин Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра профессоры:
– Бұл заңда біздің мемлекеттің өз алдына дербес мемлекет екендігі, біздің қазақ елінің өзінің мемлекеттік органдары, қауіпсіздікті қорғайтын органдары, болашақтағы шекараларын бекіту, делимитация жасау мәселелері, мемлекеттік басқару органдарын нығайтқанын көрсеткен заң болды. Заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимовтың айтуынша, Егемендік туралы декларациядан кейін Мемлекет басшысының 140-қа жуық жарлығы болған. Әрқайсысы заңның рөлін атқарып, нәтижесінде ел тіршілігін қамтитын мекемелердің жұмысы қалыптасты. Кейбірі әлі күнге дейін өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
– 1991 жылы жер туралы, жер қойнауын игеру туралы, инвестиция тарту туралы, екінші деңгейлі банктер құру және мемлекеттік бюджетті әзірлеу туралы заңдар қабылданды. Бұл заңдар тәуелсіздік пен егемендікті бекітуге негіз болды.
Елдің қаржы-экономикалық жағдайы да күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте төл теңгемізді айналымға енгізуге қатысты қыруар жұмыс сол Тәуелсіздік алған 1991 жылы басталғанын бірі білсе, бірі білмейді. Екі жылдан соң ұлттық валюта нарыққа шықты
Ғалия Ақпанбекова, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері:
– Міне, содан бері 33 жыл болды, біздің теңгеміздің тарихы да дамыды, қарқындады, қаншама инфляция болды. Экономикалық қажеттіліктерге байланысты теңгенің номиналдары да өзгеріп отырды, дизайны да өзгерді. Азат елдің айбынын арттырып, дамыту бағытындағы жұмыс жалғаса береді. Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева, Президент тапсырмасына сәйкес, экономика мен әлеуметтік сала және цифрландыру, «халықтық құрылыс» бағдарламаға қатысты заңдар қабылданатынын айтады. Барлығы да Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған.
Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Тәуелсіздігіміздің мықты болуы үшін негіз болатын мен 4 алғышартты атап өткім келеді. Біріншіден, мықты конституциялық негіз. Екіншісі, бұл жаңарған саяси институттар, келесі бұл экономикалық дербестік. Ең басты алғышарт – біздің руханиятты, зияткерлі ел болуымыз. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы Қазақстанның жаңа саяси кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Биыл елде жаңа Конституция қабылданып, жаңғыру үрдісі басталды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов, Қайрат Ақтөреев