Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында да, басқа да мінберлерден ұдайы айтып келеді. Заманның талабы сол. Бұл ретте еліміздің Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктерге міндеттелетін резервтердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қаулы жобасын әзірлеп, бір ай мерзімге қоғамдық талқылауға жариялады. Әңгіме қауіпсіздік қорына қатысты. Банктер сақтандыруға міндетті салымшылар ақшасының 4-тен бірін жаңа қаулы қабылданған соң цифрлық теңгеге көшіреді.
Цифрлық теңге дегеніміз не? – деген қарапайым сұрақтан бастасақ, ол біздің валютамыз. Кәдімгі сол теңгеміздің электронды түрі. Оны әзірлеу 2021 жылы басталып, 2023-тің 15 қарашасында, яғни тұп-тура 3 жыл бұрын әуелі пилоттық тәртіпте өндірістік айналымға енгізіле бастады.
Оның ең басты артықшылығы – оны Ұлттық Банк қана шығарады. Яғни коммерциялық қаржы ұйымдарының дербес құралы емес. Ол заңды төлем құралы ретінде биыл 18 шілдеден бастап айналымға еніп отыр. Цифрлық теңге кәсіпкерлер үшін де, жеке тұлғалар үшін де тиімді.
Мәселен,бизнесте келісімшарт шарттардың орындалуына келсек, тауар жеткізілгенде ақша автоматты түрде аударылып, серіктестер арасындағы тәуекелді азайтады. Цифрлық теңге операциялары ашық болғандықтан, қосылған құн салығын қайтару процесі автоматтандырылады. Банкаралық аударымдарда комиссия болмайды, қаражат шотқа лезде түседі. Мемлекеттік сатып алуларда теңгенің цифрлық ізі мердігерлерге бөлінген қаражаттың тек белгіленген мақсатқа жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде жемқорлық тәуекелді азайтуға сеп. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаражат талан-таражға түспейді.
Айбар Олжай, қаржылық сарапшы, экономист:
– Бір жобаға 1 млрд цифрлық тг бөлінді дейік. Ол 1 млрд қалай бөлінді, кімге, қандай мақсатқа кетті? Шын мәнінде ол жұмыстың мақсатына жұмсалып жатыр ма? Соның бәрін көруге мүмкіндік береді, өйткені оның ізін қалдырып отыратындай қасиеті бар. Біздің қазіргі жағдайымызда дамуға жетелей алатын бір инновациялық құрал деп айтуға болады.
Айталық, ұзындығы 836 шақырымға созылған Достық – Мойынты теміржолы құрылысын қаржыландырылуға Ұлттық қордан 164 млрд теңге бөлініп, ол пилоттық режимде таңбалау технологиясы негізінде бақыланды. Сол секілді енді автожолдар құрылысы да осы тетікке сұранып тұр. Бұдан бөлек, құны 100 млн теңгеден асатын бюджеттік жобалар, сондай-ақ дәрі-дәрмек, жанар-жағармай және тауарлар сатып алу кезінде цифрлық теңгені міндетті түрде қолдану тетігі енгізілуде. Биылға дейін құны 340 млрд-қа жуық 20 пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, жыл соңына дейін цифрлық теңгемен қаржыландырылатын жобалар саны 100-ге жеткізілмек.
Бұның барлығы ашық бизнес, ірі жобалар мен қазына қаражатын мақсатты жұмсаудың мәселесі десек, цифрлық теңгенің әрбір азаматқа, біз бен сізге беретін пайда бар ма деген сұрақ көлденеңдейді.
– Адамдар банк картасын пайдаланғаны үшін кейбір банктерге жыл сайын комиссия төлейді. Сондай-ақ бір банктен екінші банкке ақша аударған кезде де белгілі бір пайыздық мөлшерде комиссия алынады. Ал цифрлық теңгеде мұның бәрі қажет емес. Оны пайдалану үшін интернет те, байланыс та қажет емес.
Ілгеріде атап өткенімдей, Ұлттық Банк Цифрлық теңге эмиссиясын алдағы жылы 2 трлн теңгеге дейін жеткізбек. Ол әуелі мемлекеттік қаржы, сатып алулар және ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бағытталмақ. Яғни бұл бір оқпен бірнеше қоян алудың қадамы. Ақша көлеңкелі айналымынан шыға бастайды, операциялар адамның қатысуынсыз оңтайланады және әлбетте, жемқорлық тәуекелдер төмендейді.