Қостанай облысының Сарыкөл ауданында «Халықтық құрылыс» биыл басталып кетті. Қазір Сарыкөл ауылының өз басында екіқабатты екі үй, 7 жер үй салынып жатыр. Жыл аяғына дейін барлығы 46 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Олардың барлығы кезекте тұрған әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі.
Бюджет қаржысынан тыс, жеке кәсіпкерлер де жұмысшыларына жаңа үйлер салып, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Сарыкөл ауданының Сорочин ауылында биыл қос пәтерлі екі үй салынды. Оның біріне жергілікті серіктестікте 7 жылдан артық жұмыс істеп жүрген Дәурен Сапаров қоныстанды.
Дәурен Сапаров, ауылшаруашылық кәсіпорнының қызметкері:
– Үй салып берді. «Осы жерге көшіңіз», – деп ұсыныс айтты. Үй жылы, екі пәтерлі, газоблоктан салынған. Ауласының абаттандырылуы да жақсы, барлық жағдай жасалған. Енді, Алла қаласа, газды да қосып алсақ, қалаға көшудің не қажеті бар?
Серіктестік басшысының мақсаты – жұмысшыларды сақтап қалу, жас мамандарды тарту. Сол үшін де ауылға су тартып, жол салып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады.
Сергей Серветник, ауылшаруашылық кәсіпорнының бас экономисі:
- Біз серіктестікте бес жыл жұмыс істеген адамдарға жаңа үй береміз. Әрине, оның кәсіби біліктілігі, өз ісіне деген жауапкершілігі ескеріледі. Одан кейін тағы бес жыл жұмыс істесе, үй тегін сол кісінің жеке меншігіне аударылады.
Сарыкөл ауылы тұрғындарының айтуынша, 30 жылға жуық жаңа үйлер салынбаған. Биыл бүтін ауыл құрылыс алаңына айналғандай. Жер үйлерді айтпағанда, әр қайсысы 16 пәтерлі 2 екіқабатты үй салынып жатыр. «Бұлар әлеуметтік баспана саналғанымен, сапа жағынан комфорт санатындағы үйлерден кем соқпайды», – дейді құрылыс компаниясының өкілі.
Бексұлтан Талиев, құрылыс компаниясының директоры:
- Мынау – ортақ асүй болады. Ал мынау – залымыз, екі жатын бөлме бар. Төбесі керме төбе (натяжной потолок) болады. Еденге бетон стяжка құйылып, үстінен линолеум төселеді. Бағдарлама бойынша үйлер эконом-класс санатында салынып жатыр. Дегенмен комфорт-класс деңгейіне өтуі мүмкін. Сапасы жақсы. Өте жақсы, жылы үй болады деп ойлаймын.
Қазіргі кезде Сарыкөл ауданында 239 адам баспана кезегінде тұр. Солардың биыл кем дегенде 25 проценті қоныстойын тойлайды.
Александр Саенко, Сарыкөл аудандық ТҮКШ, Құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін биыл Сарыкөл ауданына облыстық бюджеттен 551 миллион теңге бөлінді. Одан кейін қосымша тағы 180 миллион теңге берілді. Осы қаржыға екі пәтерлі 7 жер үй, сосын екіқабатты екі үй салынып жатыр. Олардың барлығы Жаңа жылға дейін тапсырылады.
Облыс бойынша биыл бюджет есебінен әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар үшін 1200-ден астам пәтер сатып алынды. Соның жартысы – ауылды жерлерде. Бұл мақсатқа 24 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг