Соңғы 7 жылда елімізде отбасыларды қолдайтын 160 орталық ашылыпты. Соның бірі – Семейдегі дағдарыс орталығы. Мұнда жыл басынан бері қиындыққа тап болған 3 мың адамға көмек көрсетілген. Орталықтағы мамандар психологиялық және құқықтық қолдау көрсетеді. Қажет болса, медициналық және уақытша әлеуметтік көмек те бар.
Жалпы биыл еліміздегі мұндай орталықтарға 50 мыңнан астам өтініш түсіпті. 43 мыңнан астам отбасы кеңес алса, қалғаны мамандардың тұрақты бақылауында болған.
Таңшолпан Ерманова, ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитеті Отбасы саясатын үйлестіру басқармасының басшысы:
– Отбасын қолдау орталықтарының маңызды бір бағыттарының бірі – қиын өмір жағдайындағы отбасыларды кешенді сүйемелдеу. Былтырғы жылы 15 мың отбасы сүйемелденсе, биылғы жылы 6 мыңнан астам отбасы сүйемелденуде. Алдағы үш жылдықта олардың саны 200-ге дейін жету көзделген. Себебі отбасын қолдау орталықтары заңға сәйкес, Қазақстандағы әрбір қалада, әрбір ауданда қызмет етуі керек.