Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қайтарылған активтер: Ақмола облысында 12 нысан салынып жатыр

  • 2
  • 13.11.2026, 18:08

Ақмола облысында биыл қайтарылған активтер есебінен 24 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Осылайша 10 мыңға жуық тұрғын таза тіршілік нәрімен қамтылды. Жалпы арнайы қордан бөлінген қаржыға сумен жабдықтау саласында 29 жоба қолға алынған. Қазір соның 21-і аяқталды.

Абзал Азаматұлы, тілші:

– Сандықтау ауданына қарасты біз тұрған Красная Поляна ауылы мен көршілес Арбузинка, Петриковка ауылдарының тұрғындары бұл су тазарту станциясының салынуын көптен күтті. Себебі үш ауылда да орталықтандырылған су жүйесі болмаған. Енді нысан іске қосылды. Станция тәулігіне шамамен 20 мың текше метр суды сүзгіден өткізуге қауқарлы.

Мың жарымға жуық тұрғыны бар үш ауылдың халқы үшін сапалы ауызсу арманға айнала бастаған еді. Өйткені осы уақытқа дейін олар дәмі кермек татыған тіршілік нәрін тұтынып келді. Қазір бұл мәселе толық шешімін тапты.

Роза Кадиева, Красная Поляна ауылының тұрғыны:

– Біз бұрын суды есік алдында өзіміз қазып алған құдықтан ішетінбіз. Оның сапасы нашарлау болды. Тұндыратынбыз. Шәйнектің түбі де таттанып кететін. Қазір судың сапасын енді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жұмсақ, өте дәмді.

Облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылының халқы да тіршілік нәрін тасымалдап ішуге мәжбүр болған. Қазір бұл азаптан толығымен құтылдық, – деп қуанады. Себебі тұрғындар ауызсуды үйіне дейін кіргізіп алған.

Ахмет Амантай, Садовый ауылының тұрғыны:

– Суымыз үйге толық тартылған. Тұщы, дәмі де жақсы. Осы суды ішеміз. Дәрігерлер күніне 1,5 литр су ішу керек дейді ғой. Таңертеңнен кешке дейін осы суды ішемін. Енді қалаға сабылудың қажеті жоқ.

Қайтарылған қаржыға сумен жабдықтаудан бөлек, жаңа әлеуметтік нысандар да салынды. Әсіресе медициналық мекемелердің құрылысы қарқынды. Соңғы бір жылда қалаға шалғай орналасқан елді мекендер де 10 амбулаториялық емхана бой көтерді. Игі жобалар әлі де жалғасып жатыр.

Меруерт Байболова, облыс прокурорының көмекшісі:

– Қазіргі уақытта 12 нысанның құрылысы жалғасуда. Оның ішінде төрт денсаулық сақтау нысаны және сегіз сумен жабдықтау нысаны бар. Жобаларды іске асыру барысы тұрақты бақылауда.

Жалпы өңірде қайтарылған активтер есебінен 47 жоба қолға алынған. Оның 15 денсаулық сақтау, 29-ы сумен жабдықтау және 3-і спорт саласына қатысты. Бұл мақсатты арнайы қордан 46 млрд теңге бөлінген.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко