Қостанай облысында соңғы үш жылда 54 спорт нысаны салынды. Оның басым бөлігі ауылдық жерлерде. Мысалы, Сарыкөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен шаңғы-роллер базасы пайдалануға берілді. Соның арқасында жергілікті шаңғышылар жаз мезгілінде де шеберліктерін шыңдау мүмкіндігіне ие.
Сарыкөл ауылын шаңғы спортының «шағын отаны» деп тегін атамаса керек. Шаңғы жарысынан паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядин осы өңірдің тумасы. Сарыкөлдік 5 шаңғышы облыс құрамасы сапында өнер көрсетеді. Жергілікті жеткіншектердің қызығушылығы басым осы спорт түрін дамыту үшін ауылда бір шақырымдық асфальт жолымен шаңғы-роллер базасы салынды. Енді жаз мезгілі де олардың жаттығуы үзілмейді.
Иван Альтенгоф, шаңғы жарысынан спорт шеберлігіне кандидат:
– Қазір әлдеқайда жақсы. Бұрын көлік жолымен сырғанау қауіпті еді. Енді арнайы алаңда шаңғы-роликті еркін тебесің. Барлығымызға қатты ұнайды.
Сарыкөлдегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысы 15 адамға арналған хоккей командасының киім-кешегі мен құрал-жабдығын мақтанышпен көрсетті. Оны сатып алуға аудандық бюджеттен 11 миллион теңге бөлінген. Жалпы жаңадан салынған спорт кешенінің жабдықталуы қаладағыдан бір мысқал кем емес. Мұнда күніне 160 адам түрлі спорт түрімен шұғылданады.
Юрий Стёпин, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысы:
– Волейбол, баскетбол, қазақ күресі, кикбоксинг, бокс, жеңіл атлетика секциялары жұмыс істейді. Одан бөлек тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлері де бар. Қысқасы, таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 10-ға дейін адам аяғы үзілмейді. Тренажер залына ересектерді кесте бойынша кіргіземіз.
Қазір Сарыкөл ауданында 16 мың халық тұрады. Соның 47 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Келесі жылы ауылда жабық хоккей кортын салу жоспарда бар. «Жалпы ауданда бұқаралық спорттың дамуына жағдай жасалған», – дейді жауаптылар.
Дмитрий Моисеев, Сарыкөл аудандық спорт бөлімінің басшысы:
– Бізде барлығы 68 спорт нысаны бар. Олардың қатарында шаңғы базасы, стадион, дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) және хоккей корты бар. Жалпы, спорт нысандары жеткілікті. Сонымен қатар ипподромымыз бар. Жігіттеріміз ат спортымен, бәйгемен айналысады. Көкпар тартуға арналған алаң да бар. 2027 жылы Сарыкөлде жабық хоккей кортын салу жоспарланып отыр.
Ал облыс бойынша «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында алдағы жылы 8 ірі спорт нысанын салу көзделіп отыр. Соның ішінде ең ауқымдысы Тобыл қаласында бой көтеретін 3 мың орындық спорт сарайы.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг