Құрылтай Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялады. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы құжатты мақұлдады.
Бұған қоса, Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова Ата Заңның ережелерін салалық заңнамаларда, мемлекеттік басқаруда және құқық қолдану тәжірибесінде іске асыру міндеті тұрғанын атап өтті. Оның ішінде – болашақ экономиканы құқықтық қамтамасыз етуге бағытталған Азаматтық Кодекс те бар. Құжатта экономика, нарықтық қатынасқа қатысты барлық норма жазылатын болады.
Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық Сотының төрағасы:
– Азаматтық, азаматтық процестік, қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнама ерекше назар аударуды қажет етеді. Жаңа Азаматтық Кодексті әзірлеу кезінде меншік құқығын қорғау, жеке өмірге қол сұқпау, шарт еркіндігі, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі және шектеулердің мөлшерлестігі мәселелері бойынша біздің құқықтық ұстанымдарымызды ескеру маңызды.