Жетісу облысында көлік апаттары азайды. Жыл басынан бері аймақта 900-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 7% төмен. Көрсеткіштердің кемуіне тәртіп сақшыларының профилактикалық шараларымен қатар бейнекамералардың да орнатылуы ықпал еткен.
Қазан айында өңірдегі автоматты бақылау жүйесі жетілдірілді. Құрылғы жылдамдықты арттыру, жол сызықтарын басу, бағдаршамның қызыл түсіне өтетіндермен қатар енді қауіпсіздік белдігін тақпағандарды, рөлде отырып ұялы телефонға үңілетіндерді де таспалайды. Бір айға жуық уақытта 9 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі анықталған.
Саят Ибраимов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
– Жетісу облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің тарапынан автожолдарда күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Жетісу облысының аумағында жыл басынан автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы құралдармен 170 мыңнан астам жол жүру ережелерін бұзу фактілері анықталған.