Елде энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға және сатуға толық тыйым салынуы қажет. Мұны «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі ұсынып, петиция жариялады. Бұл бастамаға жасөспірімдер арасындағы энергетикті тұтыну көрсеткішінің артуы себеп болған.
HSBC халықаралық ұйымының зерттеуіне сәйкес, зиянды сусынды Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы оқушылар аптасына кемінде үш рет тұтынады екен. «Аталмыш өнімді саудалауға жас шектеуі енгізілсе де, балалар оған түрлі жолдармен қол жеткізіп отыр», – дейді бірлестік өкілдері. Сондықтан энергетикалық сусындарға республика бойынша толық тосқауыл қою керектігін алға тартады.