Енді масс-медиа мен онлайн платформаларда, яғни әлеуметтік желілерде былапыт, балағат сөз жазғандар жауапқа тартылуы мүмкін. Медиа кеңістікте жаңа сын-қатерлердің пайда болуы заңнамалық базаны уақтылы жетілдіруді талап етеді. Масс-медиа және онлайн-платформалар саласындағы заңнама жетілдірілмек. Әрине, жаңа өзгерістер желі пайдаланушыларының жауапкершілігін арттырумен қатар құқықтарын қорғау тетіктерін де күшейтуге бағытталмақ.
Құрылтайда масс-медиа және онлайн платформалардағы негізгі заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда қаралды.
Жалпы бұл түзетулерге не түрткі болды деген сұрақтың өзі риторикалық сипатта. Себебі уақыт озған сайын ғаламтор кеңістігіндегі сын-қатерлер күшейе береді. Бұл әсіресе балаларды қауіпті ақпараттардан қорғау мәселесінде өзекті. Себебі онлайн платформалардағы құқықбұзушылықтардың салдарымен емес, себептерімен күрес қажет.
Айталық, 2026 жылдың 10 айында онлайн платформаларда құқыққа қайшы 128 мыңнан астам материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы ғана жойылып отыр. Қайтпек керек?
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Бірінші кезекте платформалардың ҚР аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдіктерін заңды тұрғыдан ашу жөніндегі талапты бекіту ұсынылады. Сонымен қатар платформа иесі мен оның өкілдігі заңға қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапшылыққа тартылады.
Янғи еліміздегі ең танымал онлайн платформаларды бақылайтын Мета компаниясы өкілдерімен келіссөздер де жүргізілген. Себебі біздің ғаламтор кеңістігіміздегі келеңсіздіктер үшін мойнына жауапкершілік алатын өкіл болуы шарт. Ал жауапкершілік қандай деген мәселеге келсек.
Уәкілетті органның нұсқамаларын орындамаған жағдайда 50-ден 200 АЕК, яғни 216250-ден 865 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Ал егер құқықбұзушылық жыл ішінде қайталанған болса, онда 100-ден 400 АЕК-ке дейін, яғни 432500-ден 1,73 млн теңгеге дейін айыппұл салынады.
Сондай-ақ жазылушыларының саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктері көзделген. Бұл дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтсақ, 5 мыңнан асатын оқырманы бар, айталық, блогер немесе блогер боламын дейтіндер, сондай-ақ жария қауымдастықтар, яғни пабликтер, уәкілетті органға тіркеліп, өздері туралы кім екенін, қайдан екенін туралы мәліметтерді ұсынуға міндеттеледі.
Сонымен бірге 16 жасқа толмаған балалардың платфрмаларға тіркелуіне тиым салу ұсынылады. Себебі кәмелетке толмағандар онлайн платформалардағы зиянды әрі деструктивті контенттерден қорғалмаған. Бұл шектеулер ата-анамен, жақындармен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Дәулет Кәрібек, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Балаларға қауіп төндіретін 16+ және 18+ санатындағы контент тарататын телеграм және WhatsApp арналары бұл шектеуден тыс қалып отыр. Осыған байланысты депутаттар мынандай ұсыныстар енгізді. Балалардың 16+ және 18+ санатындағы контент тарататын арналарға қол жеткізуін шектеу, шектеу қойылатын онлайн платформалардың ұғымын нақтылап олардың қатарынан білім беру платформаларын алып тастау.
– Сіздер ұсынып отырған ұсыныстарды біз әлі де қарастыра аламыз. Негізінен, біз айтып отырған онлайн платформа – бұл әлеуметтік желі.
Бұған қоса, масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауаптылық енгізіледі.
Масс-медиа мен онлайн платформаларда бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауаптылық енгізілуде. Айталық, адамның фото видеосын рұқсатсыз жариялағаны үшін жеке тұлғаға 130 мың теңгедей айыппұл қарастырылған. Сол секілді, тура осы бұзушылық заңды тұлға тарапынан болса, 259 500-ден 865 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал онлайн платформалар мен БАҚ-да былапыт сөз қолданылса, 86 мың теңгеден астам айыппұл, 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 15 тәулікке дейін қамау шарасы қарастырылып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне қатысты да түзетулер бар. Енді мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын таңбалау міндеті жүктеліп отыр. Айтпақшы, «жоғарыда атап көрсеткен айыппұлдар тым көп емес пе немесе қаншалықты тиімді?» деген сұрақ болды құрылтайшылар тарапынан. Министр атап өткендей, оның мөлшерлері Еуропа, Австралия, тіпті іргеміздегі Әзербайжандағы санкциялық шаралармен салыстырғанда төмен екен.