Қоғамдық көліктерде орнатылған QR-кодты сканерлеу арқылы жолақыны төлеуге болады
Яғни смартфон иелері ендігі жерде қоғамдық көліктерде орнатылған QR-кодты сканерлеу арқылы да жолақысын төлей алады. Ендігі жерде қалта телефоныңыз болса жеткілікті, мобильдік қосымша арқылы төлем жасай аласыз. Ақша тұрмақ, артық карта алып жүретін заман емес. Кез келген төлемді телефон арқылы жасау – бүгінгінің үрдісі.
Ұялы телефонды бұрындары тек сөйлесу үшін немесе хабарлама алмасу үшін қолданып келсек, қазіргі таңда оны төлем құралы ретінде де пайдаланып жүрміз. Соңғы жылдары «Beeline» компаниясы өз тұтынушыларына тиімді жобаларын ұсынып келеді. Яғни қалтаға әмиян немесе артық карточкаларды салмай-ақ, қоғамдық көліктермен жүріп тұруға да жағдай жасалған. Енді компания басшылығы еліміздегі ірі қалаларда QR-код арқылы төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Анастасия Ли, «Beeline» компаниясының сату және аймақтық даму бөлімінің басшысы:
- Біз қазіргі таңда қала әкімшіліктерімен үлкен жұмыстарды қолға алып отырмыз. Егер жоспар жүзеге асып жатса, бұл тек біз үшін ғана емес, жолаушылар үшін де тиімді болмақ. Және біздің жоба қалалық автопарктерге де ешқандай қиындық тудырмайды.
QR-код арқылы төлем жүйесі Нұр-Сұлтан қаласында қолданысқа енгізілген. Яғни жолаушылар мобильдік қосымша арқылы сараланған тариф бойынша төлем жасайды.
Ерлан Жамаев, Алматы тұрғыны:
- Қазір барлығы телефонын қолынан тастамайды. Ал картаңызды ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан мобильдік төлем мен үшін өте тиімді. SMS арқылы төлеп, тексерушіге көрсетесің. Нұр-Сұлтан қаласында жиі боламын. Ол жерде QR-код арқылы төлейсің, тіптен ыңғайлы.
Қазіргі таңда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан бөлек, Шымкент пен Қызылорда және Ақтөбе мен Петропавл қалаларында тұрғындар қоғамдық көлікте мобильдік төлемді пайдаланады. Енді сандық технология дамыған кезеңде компания басшылығы еліміздің барлық өңірінде QR-код жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов