Елімізде коронавирус жұқтырған азаматтар жоқ
Еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деп ресми түрде мәлімдеме жасады. Мәселе мынада, жалпы өңірде 15 адам медициналық стационарға жатқызылған. Арасында өзге елдерден келген 4 Қытай азаматы да бар. Олар 14 күн оқшау болады. Бүгінге дейін жасалған тексерулер нәтижесіне қарағанда ешбірінен індет белгілері анықталмаған. Көрші елдегі індетке байланысты қазір барлық жерде алдын алу шарасы күшейтілуде. Жандарбек Бекшиннің айтуынша ол өткен демалыс күндері Қазақстан – Қытай шекаралық өткізу бекеттеріне барып қайтқан.
Жандарбек Бекшин, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері:
- Өткен аптада мен ҚХР шекарасын аралап, барлық өткелді қарап шықтым. Көлік, темір жол өткелдері қаралды. Оларды тағы да күшейттік. Ол үшін біздің 20 санитарлық дәрігерді қостық.
Бас санитарлық дәрігер сондай-ақ қазақстандықтарға коронавирус індеті тіркелген елдерге бармауға кеңес берді. Ал олардың қатары соңғы екі тәулікте айтарлықтай артты. Тізімге Кувейт, Бахрейн мен Ауғанстан қосылды. Қазір әсіресе Оңтүстік Кореядағы ахуал қиын. Одан тыс Иран, Италия, Таиланд, Жапония мен Сингапурда да ауру жұқтырғандар анықталуда.
Жандарбек Бекшин, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері:
- Ең біріншіден осы елдерге саяхатты, басқа да жолдарды жоспарлаудың қажеті жоқ. Жағдай күнде өзгерісте. Міне Оңтүстік Кореяны алсақ, бұл ел екі күннің арасында 2-орынға шығып кетті.