М. Әшімбаев Қытайдың дін көшбасшыларымен кездесті
Сенат төрағасының Қытайға ресми сапары жалғасуда. Мәулен Әшімбаев бастаған Парламент депутаттары Ханчжоу қаласындағы бірқатар инновациялық ІТ-компаниялардың қызметімен танысты. Әлемдік деңгейде «бұлтты» есептеулерге және жасанды интеллектіні дамытуға қажетті ресурс шығаратын кәсіпорындарда болды.
Сенат спикері Қытайдың дін көшбасшыларымен де кездесті. Тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікір алмасты. Біздің елде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Осындай рухани дипломатия арқылы адамзатты алаңдатқан әлемдік, экологиялық және рухани мәселелерді шешуге болады. Сенаторлардың Қытай сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесуінде де ынтымақтастықты арттыру жайы сөз болды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, екі елдің мүддесін өзара құрметтеу бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақстан ынтымақтастық саясатын дәйекті түрде дәріптеуде. «Орталық Азия – Қытай» форматы арқылы инфрақұрылымдық, технологиялық жобаларды іске асыруға негіз қаланады. Инвестиция тартуға жаңа мүмкіндік пайда болуда. Биыл Астанада «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтеді. Осы жиында да өзара ынтымақтастығымыз нығая түседі деген сенімдемін.