Күдікті ұсталды: Ақтөбеде белгісіз біреу адамдарды кепілге алған
Ақтөбеде елді дүрліктірген қанды оқиға болды.
Ер адам жеке үйлердің біріне кіріп, 41 жастағы әйелді кепілге алған. Не себепті мұндай қадамға барғаны белгісіз. Ешқандай талап қоймаған. Құтқару операциясын жүргізген полицейлер үйдің жертөлесінен тұтқында болған әйелдің ата-анасын тапты. Ауыр жарақат алған оларды аман алып қалу мүмкін болмады. Күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.
Жедел басқару орталығына ақпарат кешкі 8 шамасында түскен. Оқиға орнына барлық күштік құрылым өкілдері мен құтқарушылар, жедел жәрдем жасақтары жетті. Полицейлер үш сағат бойы келіссөздер жүргізіп, кепілдегі адамды босатуды талап еткенімен нәтиже болмады. Сондықтан сарбаздар құтқару операциясына кіріскен.
Абай Жүсіпов, облыстық ПД бастығы:
- Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлер зардап шеккен 41 жастағы әйелді өзінің танысы тұтқынға алды, деп хабарлайды. Және ол ешқандай талап қоймаған. Арнайы операция түн ортасы ауғаннан соң аяқталды.
Маржан Тәжікенова, қала тұрғыны:
- Сегіздің шамасында өзіміз әдетте серуенге шығамыз ғой. Тамағымызды тарқатуға. Үйден шықсам, мына жерде полициялар толып тұр екен. Апа ішке кіріңдер, бәрі аманшылық, қорықпаңдар, - деді. Содан соң үйге кіріп кеттік. Түнімен біз ұйықтамадық. 12-ге дейін тұрды ғой машиналар.
Үйдің жертөлесінен табылған 67 жастағы әйел ауруханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ал 75 жастағы қария операция кезінде қайтыс болды. Күдіктінің қолында кепілде болған 41 жастағы әйел адамға шұғыл операция жасалды.
Азамат Тұрышев, облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- 84 жылғы әйел адам. Оның бас миының шайқалуы және басынан, денесінен сыртқы жарақат алған. Оның жағдайы ауыр болды. Онан соң реанимацияға жатқызылды. Содан соң таңға дейін ем алды, қазір жағдайы орташа.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қанды оқиғаға қатысты полицейлер Қылмыстық Кодекстің «Тұтқынға алу» және «Адам өлтіру» баптары бойынша іс қозғады. Мәселенің мән-жайы тергеу амалдары барысында анықтауы тиіс.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов