Меншікті патенттеуге байланысты сарапшылар пікір білдірді
Көшірме дүние кірмеген сала жоқ сияқты. Сюжетте айтып өткен кейіпкеріңіздің қолында патенті бар, бәрі заңдастырылған. Бірақ сөйте тұра идеясын өзгелердің ұрлауына қалай жол беріп отыр?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Алғашында менде де осы сұрақ туындаған. Кейіннен саланың бүге-шігесін білетін жандармен сұхбаттасып, сондағы көзім жеткені, расында да бізде заңның күші жетпейтін кездер болады екен. Мәселен, мынаны қараңыз, Қазақстанда тіркелген патент тек Қазақстанның аумағында ғана жарамды, ал өзге елдің территориясындағылар сіздің кез келген ашқан жаңалығыңызды, ойлап тапқан дүниеңізді оп-оңай көшіріп ала береді. Оларды сотқа беру үшін сіздің қолыңызда сол елден алған патентіңіз болуы шарт. Екіншіден, бір брендті патенттедіңіз дейік. Ал осы брендтің аясында бірнеше үлгі, дизайн ойлап шығаруыңыз мүмкін. Бірақ әлгі алған патент солардың бәрін қорғауға қауқарсыз. Автор 100 түрлі немесе 500 түрлі дизайн жасаса, солардың әрқайсысын жеке-жеке патенттеуі керек екен. Сонда ғана өзінің дүниесі екенін дәлелдей алады. Оның әрқайсысына кемі 25 мың теңгеден төлеуі қажет.
Сырт елдермен түсінікті болды. Бірақ өз ішімізде, бір-бірімізден ұрлап жататын жағдайлар кездеседі. Оларды жазалауға бола ма?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Әрине, бізде заң бар. Тіпті бұл жағдай қылмыстық әрекет болып есептеледі. Қылмыстық кодекстің 198-199-бабында авторлық құқықты бұзғандар, түрлі ғылыми жетістіктер мен өнертабыстарды рұқсатсыз иеленгендердің жазасы көрсетілген. Біз материалды зерттеу барысында заңгерлермен де сұхбаттастық.
Марат Башимов, заңгер:
- Заңгерлердің тілінде бұл – авторлық құқықты бұзу. Өйткені азамат өзінің интеллектуалдық, авторлық жұмысымен дүниелерді шығарады. Сол үшін ол өзінің жеке құқықтарына жатады. Ал біреу оны өзіне рұқсатсыз қолданса, оны барлық ел жауапқа тартады. Бізде ол әкімшілік кодексте де, қылмыстық кодексте де бар. Қылмыстық кодексте айыппұлдан басқа 2 жылға бас бостандығынан айыруға болады.
Міне плагиатқа қатысты елдегі жағдай осындай. Бірақ бізде жазба ұрлап, нота ұрлап түрмеге түскен жанды көрген де, естіген де емеспіз. Өйткені бізде көбіне көзжұмбайлыққа салынады. Оны құзырлы органдар да растап отыр. Олар тіпті бізге плагиат ең көп кездесетін салаларды да атап берді.
Алтынай Батырбекова, Ұлттық зияткерлік меншік институтының департамент басшысы:
- Мұндай жағдай өнер саласында өте көп кездеседі. Келіп түскен өтінімдердің шамамен 10% өнімдерге кері қорытынды шығарылып жатады.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Қазақстанда әрбір оныншы ғылыми жұмыс «плагиат» деген мәлімет бар. Ондайлардың өтірігі ашылып жатса, жұмыстан кетіреді не атағынан айырып қоя салды. Ал өкінішке қарай бұл көшірменің жолын түбегейлі кесуге көмектеспейді.