ШЫҰ саммиті: отандық және халықаралық сарапшылар не дейді?
«Көпжақты диалогты нығайту — орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу». Бұл — Қазақстан төрағалық етіп отырған ШЫҰ-ның ұраны. Осы миссия аясында Қазақстан ұсынған негізгі бағыттар аса өзекті. Бұған дейін даму эволюциясында келе жатқан ұйым қазір жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерде сөзі өтімді, даусы жарқын естілетін ірі ойыншыға айналды. Астанадағы саммит пен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының рөліне сарапшылар осылай баға беріп отыр. Жиында қабылданған құжаттар мен Қазақстан бастамаларының болашағы, оның ішінде экономикалық бастамалардан не күтуге болады?
Бейбітшілік және келісім сарайының іші қайнаған тіршілік. 30-ға жуық мемлекеттен келген 150-ден аса ақпарат құралы және 700-ден астам журналист төрткүл дүние назар аударған жарты әлемнің басын қосқан Астана саммитінен хабар таратуда. Осыдан-ақ іс-шараның маңызын бағамдауға болады. Әсіресе көрші Қытай елінен келген журналистер қауымының қарасы көп.
Чжао Синь, CGTV телеарнасының тілшісі (Қытай):
– Қаладан керемет әсер алдым. Ауасы таза, гүлденіп көркейе түскен. Бұл менің Астанаға екінші сапарым. Бүгін жұмыс көп. Саммитке Қытайда ерекше мән беріп отыр. Бейжіңдегі студиямен бірнеше мәрте тікелей қосылып хабар тарататын боламыз. Сондай-ақ мен Қазақстандық әріптестеріммен, сарапшылардан сұхбат алдым.
Сарапшылар саммитте қол қойылған 25 құжаттың дені Орталық Азия мен Қазақ елі үшін аса маңызды деп отыр.
Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
-Ең негізгі қабылданатын құжаттар Қазақстанның экономикалық, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ШЫҰ мүше елдермен екіжақты және ұйым аясында көпжақты байланыстардың нығаюы үшін қажет. Жалпы ШЫҰ-ға мүшелік, бүгінгі саммиттің өтуі Қазақстанның дамуына үлкен бір серпін бермек. Бұл 20-дан астам құжаттардың барлығы дерлік біздің еліміз үшін аса маңызды деп айтсақ болады. Оның ең маңыздысы Астана декларациясы және ШЫҰ 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын атап өтуге болады.
Мемлекет басшысы Шанхай ондығы үшін стратегиялық маңызы бар 4 бағытты ерекше атап көрсетті. Ол қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық пен өзара сенім, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер арқылы көлік байланысын нығайту және ұйымды реформалау мен жаңғырту.
«ШЫҰ плюс» саммиті барысында ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыру бойынша Нақты іс-қимыл жоспары қабылданды. Жоспарларға Еуразиялық экономикалық Одақ, БРИКС және АСЕАН елдерімен тығыз ынтымақтастық орнату кіреді.
Қазақ сарапшылары әсіресе ұйым аясындағы экономикалық байланыстардан, оның ішінде көлік инфрақұрылымына қатысты жобалардан үлкен үміт күтеді.
Ерлан Ахмеди, саясаттанушы:
-Барлық ШЫҰ мемлекеттері бұл жобаны қолдауда. Біздің қазақтың саяси экономикасының мүддесіне сай болғасын біз де осы жобаны қолдаймыз. Транскаспий транзиттік жолы өте маңызды болып табылады. Яғни Қытай-Қазақстан Еуропаға тауар тасымалдау жолы. сонымен қатар Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы бар. Яғни Парсы шығанағына.
Қазақстан ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін қалыптастыруды ұсынды. Бұл теміржол, автомобиль, теңіз және әуе жолдарының өзара байланысын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ШЫҰ жаһандық сауданы дамыту үшін «Үлкен Еуразиялық белдеу» болуға қабілетті деді. Себебі Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам темір жол өтеді. Ал ол дегеніңіз әлемдік жүк айналымының 2\3 бөлігі.
Олжас Бейсенбай, саясаттанушы:
-Осы Орталық Азия және оңтүстік Азия, солтүстік пен оңтүстік арасында, Транскаспий дәлізі және белдеме жолдың арасын ұштастыру туралы бір маңызды бастама. Бұл құжаттың ішіне бұл оңтүстік бағыттардың енуі әсіресе Индия, Пәкістан, Иран сияқты мемлекеттердің үлкен қызығушылығымен қосылып отыр деп ойлаймын. Ол біздің оң жамбасымызға келеді және өзіміздің шетелдегі серіктестеріміздің де санын көбейтуге ықпал етеді.
2024 жыл Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы деп жарияланды. Ауқымды шаралар қабылданды. Елімізде қолға алынған Таза Қазақстан науқаны соның бір парасы. Экологиялық күн тәртібі аясында тағы бір өзекті мәселе шығады. Энергетикалық қауіпсіздік пен тепе-теңдік. Еліміз ұсынған аса маңызды бастаманың бірі осы. Оның сыртында ұйымға мүше мемлекеттердің әлеуеті мен бейімділігіне қарай ықпалдастық тереңдей бермек.
Олжас Бейсенбай, саясаттанушы:
-Инвестициялық қор құру туралы, сосын банкаралық байланысты нығайту, осы туралы көп айтып келе жатырмыз. Осы тұрғыда тек қана қауіпсіздік қана емес, энергетика, экономикалық стратегия туралы ұсыныстар да айтылды. Осы тұрғыда жаңадан қосылып жатқан серіктес мемлекеттермен қарым-қатынасты, мысалы Беларусьпен ауыл шаруашылығы саласында, техника саласында дамыта береміз. Индиямен IT саласында көптеген бастамалар бар.
Сондай-ақ сарапшылар ортасында осыған дейін айтылып келген маңызды мәселе – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі. Бүгін қол қойылған құжаттың бірі.
Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
-3 зұлым күшке қарсы стратегияны алатын болсақ, мүше мемлекеттердің күштік құрылымдары бір-бірімен, кеден органдары бір-бірімен ақпарат алмасу арқылы, ескерту арқылы бір-біріне бұл жайттардың алдын алады.
Төрткүл дүние Астанадағы саммитке көз тігіп отыр. Түрік лидері Реджеп Тайып Ердоған 2022 жылғы Самарқан саммитінде Анкараны келешекте Шанхай ынтымақтастық ұйымы қатарынан көруге ниетті екенін айтқаны бар еді. Анадолы елінен бүгінгі жиынды бақылаған түріктің тәуелсіз сарапшысы Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті. Айтуынша батыс дипломатиясы үшін Брюссель қаншалықты маңызды болса, Еуразия кеңістігінде Астананың шоқтығы биік.
Тұғрыл Чамаш, халықаралық қатынастар жөнінде тәуелсіз сарапшы:
-Еуразиядағы ынтымақтастық қайта құрылуда. Мұндағы Астананың дипломатиялық миссиясы өте жоғары. Күллі дүние батыс пен шығыс деп екіге бөлінген шағында Қазақстанның астанасы Еуразияда дипломатиялық орталыққа айналды. Мұнда білікті дипломат, туыстас ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі зор. Астанадағы саммит өте маңызды кезеңде өтіп жатқанын айта кету керек. Әлемде түрлі қақтығыстар, дағдарыс пен апаттардың жиілеп кеткен кезеңінде Азия құрлығы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына жүктелген міндет зор.
Сарапшылар Шанхай ондығы аймақтық интеграциялық құрылым шеңберінен шығып, әлемдік күшке айналып келе жатқанын атап өтуде. Бұл Еуразия кеңістігіндегі елдердің геосаяси амбициясы емес, жаңа сын-қатерлерге жауап дейді сарапшылар.
Ерлан Ахмеди, саясаттанушы:
-Шынын айту керек, БҰҰ-дан кейін жалпы Еуразия континентіне жайылған ШЫҰ маңызды беделді ұйымға айналды және геосаяси аренада маңызды ойыншыға айналып келе жатыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық саяси аренадағы беделі өсіп келеді, ал оның орнықты дамуына экономикалық әлеует алғышарт болатыны айтпаса да түсінікті. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 30% жуығын иеленіп отырған Ұйымның сыртқы саудасы 8 трлн доллардан асады. «Қазір қабылданған құжаттар ертең бұл сандарды еселеуге жол ашады»,— дейді сарапшылар.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Ерлан Наурызбаев, Досхан Ораз