Анкарада Абайдың 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы өтті
Айтулы шарада халқымыздың дана әрі дара тұлғасы Абайдың шығармалары мен мұрасы сөз болып, абайтану бойынша түрік студенттері арасында білімпаздар сайысы ұйымдастырылды.
Түркиялықтардың Абай атамызға деген ықыласы ерекше. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойының ашылуына орай бірнеше шара ұйымдастырылды. Түрік жастары хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерінен мысал келтірді.
Абайтану бойынша түрік студенттері арасында білім сайысы ұйымдастырылды. Жүзден жүйрік атанып, бас жүлдені иеленген Элиф Атлы қазақ еліне саяхаттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл – оның бала кезден бергі арманы.
Элиф Атлы, жеңімпаз:
- 14 кісі қатыстық. Әрқайсысымыз әртүрлі мамандықтан іріктелдік. Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты түрлі сұрақтарға жауап бердік. Оңай болған жоқ, әрине. Бірақ жарыстың сыйлығы бұған тұрарлық.
Қазақстан елшілігі мұрындық болған ғылыми кеш Қажы Байрам Вели университетінде өтті. Шараның бұл жоғарғы оқу орнында ұйымдастырылуы бекер емес. Өйткені университеттің болашаққа бағдары Абай мұрасымен үндесіп тұр. Сондықтан болар оқу ордасында білім алатындардың арасында еліміздің жастарының қарасы қалың.
Юсуф Текин, Қажы Байрам Вели университетінің ректоры:
- Университетіміздің басты мақсаты – түркітілдес халықтар арасында селбесуді арттыру. Бұл жолда туыстас елдердің әдебиетін, тарихын, ғалым, ақын-жазушыларын жақсы білуіміз, оны танытуымыз тиіс. Бүгінгі кеш те осы мақсатта ұйымдастырылды.
Гүлжанат Құрманғали Ержуласун, Қажы Байрам Вели университетінің профессоры:
- Абай брендін әлемде танытуға мен де кішкентай үлесімді қосқаным үшін өте қуаныштымын. Осы университеттің ұстазы ретінде өте қуаныштымын. Бүгінгі шарадан кейін қатысушылар Абайды одан әрі тану үшін оның қара сөздері мен өлеңдерін оқиды деп сенемін.
Салтанатты шаралардан кейін арнайы көрме ұйымдастырылды. Түркияның «Түркі әлемі» шығармашылық тобы Абай әндерін орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Жиын соңында жастар «Қара жорға» биін билеп, сахнаның сәнін келтірді.
Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен