Хабар телеарнасы

Анкарада теракт ұйымдастырған 2 адамның көзі жойылды

Анкарадағы Түрік аэроғарыш өнеркәсібінің штаб-пәтеріне лаңкестік шабуыл жасаған күдіктілер анықталды. Түрік билігі өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл «Күрдістан жұмысшылар партиясының» әрекеті болуы мүмкін. Жергілікті телеарна күдіктілердің ғимаратқа кірген сәті көрінетін бейнежазбаны жариялады. Онда қарулы екі адамның бірі ер адам, екіншісі әйел екенін байқауға болады. Құқық қорғау органдары шабуыл жасаған екі содырдың көзін жойды.

Әли Йерликая, Түркия Ішкі істер министрі:

- Содырларды анықтау процесі жалғасып жатыр. Бұл оқиғаның артында тұрғандар Күрдістан жұмысшы партиясы сепаратистік лаңкестік ұйымы екенін сенімді түрде айтуға болады. Шабуылдың егжей-тегжейі тергеу аяқталған соң толық жарияланады.

Түркия дереу жауап қайтарып, Ирак пен Сириядағы Күрдістан жұмысшылар партиясы нысандарына әуеден шабуыл жасады.

Сепаратистік лаңкестік ұйымы 35 жылдан астам уақыт бойы Түркияның шырқын бұзып, шабуылдар ұйымдастырып келеді. Олардың бұл лаңкестік әрекеттері мыңдаған адамның өмірін қиды.

Түрік аэроғарыш өнеркәсібі – сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында құрылған стратегиялық мекеме. Бұл жерде қорғаныс саласына қажет ірі әскери қару, көлік пен ұшақтар жасалады.