Кәмелетке толмаған балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді
Жаңа норма тура бір айдан кейін яғни, 28 наурыздан бастап күшіне енеді. Айта кетейік, қазір 7-15 жас аралығындағы жолаушылар 50% жеңілдікпен қатынайды. Ал 15 жастан жоғарғылар толық төлем жасайды. Тасымалдаушылар түрлі талдаулар жүргізе отырып, 18 жасқа дейінгі жолаушыларды тегін жеткізу қажет деп шешіпті. Жалпы қаладағы қоғамдық көліктер тәулігіне шамамен 700 мың жолаушы тасымалдайды. Енді соның 130 мыңы тегін қатынайды. Бұл өзгерістер тасымалдаушы компаниялардың ай сайынғы табысын 30 млн теңгеге кемітеді.
Бекмырза Игенбердинов, тасымалдаушы компанияның басқарма төрағасы:
- Енді кәмелетке толмаған балалар міндетті түрде жеңілдік картасын алуы тиіс. Оның бағасы – 500 теңге. Сосын валидация жасап отыру қажет. Себебі компания жолаушылар тасымалын бақылап отырады. Бұл науқан бірнеше жыл деген сияқты шектеулі уақытқа есептелмеген. Наурызда басталып, үнемі солай жалғасады.
Еске сала кетейік, 28 наурыздан бастап ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалпы жеңілдігі бар алты топ қала маңындағы маршруттарда тегін жүре алады. Ал бұрынғы тәртіп бойынша олар қаладан тыс шыққан кезде ақша төлейді.