Берекелі көш: Былтыр солтүстікке 736 отбасы қоныс аударды
Бұл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде СҚО 2,5 мың адамды қабылдауға әзір.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Сұлушоқ ауылының мектебі жабылудың алдында қалды. Себебі елді мекенде оқушы саны күрт азайып кеткен. Алайда «Еңбек» бағдарламасы бұл мәселенің күрмеуін тарқатты. Қазір балалар екі ауысымда оқиды.
Гаухар Ысқақова, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Бізде оқушы саны 12 болды. Бірақ осы көшіп-қону бағдарламасы аясында бізге оңтүстіктен келіп, мектебіміз сақталып қалды. Қазір 54 оқушы бар.
Бұл ауылға алғашқылардың бірі болып Нүсіповтер отбасы Талдықорған қаласынан көшіп келді. 7 баласы бар жанұяға жергілікті кәсіпкерлердің бірі баспана сыйға тартқан. Ал былтыр олар балалар үйінен 8 бүлдіршінді қамқорлыққа алды. Қазір 15 баланың барлығы қазақы тәрбиемен өсіп келеді. Болашақта тағы бірнешеуін асырап алмақ ниетте.
Гүлнұр Нүсіпова, Сулышоқ ауылының тұрғыны:
- 2014 жылы 13 желтоқсан күні біздің баспанамыз өртеніп кетіп, далада қалып кеттік. Уақыт өте келе жолдасым қысқартуға түсті. Содан оңтүстіктен солтүстікке көшетін бағдарлама бар екенін елден естідік. Содан осы жаққа кету жолдасымның арманы болды.
Қаймағы бұзылмаған шағын ғана қазақ ауылына 10 отбасы қоныс аударды. Барлығына жан-жақты қолдау көрсетіліп, тіпті алды өз кәсіптерін ашқан.
Салтанат Әріпхан, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:
- Көшіп келгендерге субсидия беріледі. Сосын жалға үйлер алатын болса, төленетін ақысы беріледі. Және оларға жаңа үйлер салынып жатыр. Жұмыспен қамтиды. Біздің ауданымызға 162 отбасы, яғни 642 адам көшіп келді.
Оңтүстіктен солтүстікке қарай ағайынның көші 2016 жылы басталды. Биыл еліміздің 8 өңірінен 2,5 мыңға жуық адам көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Ал оларға жаңадан 714 үй салынатын болады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев